Республикалық оқу-жаттығу жұмыстарына дайындық пысықталды
Әне-міне қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, мінезі ауыр бұл маусымды қалыпты өткеріп, болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюмен күрес жыл сайын күн тәртібінен түспей келеді.
Міне, осы мәселе бойынша ауданымызда төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға басқару органдарын, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын дайындау мақсатында «Қыс – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілмек.
Оқу-жаттығу жұмыстарына дайындықты пысықтау үшін аудандық мәжіліс залында аудан әкімі Қанат Шубайұлы Қожықаевтың, Ұлытау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқарма бастығының м.а., оқу жаттығу жетекшісі, азаматтық қорғау полковнигі Рахым Қазбекұлы Жамбековтың, басқарма аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мадияр Оралұлы Ажаковтың, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығы Арман Қазбекұлы Қазбековтің қатысуымен жиын өкізілді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасарлары, жауапты мекеме және бөлім басшылары, ауыл әкімдері, комиссия мүшелері қатысты.
Облыстан келген лауазымды тұлғалар 21 қараша күні өтетін республикалық оқу-жаттығудың мақсаты мен маңызын түсіндіріп, ауқымды шараға жауапкершілікпен қатысуды сұрады.
Оқу-жаттығуды өткізудегі мақсат – кез-келген қиын жағдайда міндеттерді орындау кезінде күштер мен құралдарды үздіксіз басқаруда білім мен әдісті, шеберлікті жетілдіру. Оқу-жаттығу барысында кәсіпорын қызметкерлері мен өзара іс-қимыл жасайтын органдардың іс-әрекеті бойынша тәжірибелік тапсырма пысықталады, орын алған жағдай мен басқа да өзгерістер туралы құлақтандыруға, жаттығу кезінде үздіксіз байланыстың болуына және өзара әрекеттестікті ұйымдастыруға баса мән беріледі. 21 қарашада республика бойынша ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды ширату бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізілетін болады.
Сол сияқты өрт сөндіру қызметінің әлеуеті бақыланады, техникаларымен танысып, қысқа дайындығын бағамдайды. Одан әрі қоғамдық тәртіпті сақтау, медицина, инженерлік, сауда, химиялық және радиациялық қорғау, ақпарат және байланыс, көліктік-техника, жолдар мен көпірлер, энергетика, коммуналдық және техникалық, жанар-жағар май материалдары, ұлттық гидрометерологиялық, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметтерінің сапын аралап, атқаратын қызметтеріне қатысты сұрақтар беріледі.
Басқосу барысында сол күні атқарылатын жұмыстар жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, дайындық пысықталды.
Жиын соңында аудан басшысы барлық құрылымдардың өкілдерін қыс мезгілі келе жатқандықтан, қай уақытта болмасын әзір болу қажет екенін айтып, алда өткізілетін маңызды шарада азаматтық қорғау қызметі мен құрылымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
Өз тілшімізден