Қоғам үшін қауіпті құбылыс
Жалпы жезөкшелікпен әйелдер айналысады, ал қазіргі тәжірибеде жезөкшелікпен ер адамдардың да ақы алып айналысатыны көрініс алып отыр. Бұл кәсіпті жұмыссыздар қатарынан шыққан жеңіл жүрісті әйелдер күн көріс құралына айналдырса, оңай жолмен қаржы табуды көздеген пайдакүнем адамдар тобы жезөкшелікті көлеңкелі бизнестің бір үлкен түріне айналдыруға тырысқан. Жезөкшеліктің ендігі бір бөлігі притон ұстаушылармен бірлесіп жұмыс істеуге мәжбүр болады. Жалданушы жезөкшелер тұрақты жұмыспен, жайлы орынмен қамтамасыз етіледі. Тән саудасынан түскен табыстың ірі бөлігін притон ұстаушылар иеленеді. Жезөкшеліктің кезекті бір шығу көзі әсіресе, жастар арасында күнделікті интернеттен, теледидардан көрсетілетін лас фильмдер және кез келген бұрышта нәсіпқұмарлық мазмұнда жазылған журнал, газет, әдебиеттердің көбеюі болып табылады. Бұларда махаббат пен эротика өте төмен физиологиялық түсінік ретінде карастырылған. Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жезөкшелікті заңдастыруды жақтайтын және оған қарсы адамдардың пікірталастары қатар берілуде.
Кейбір шет мемлекеттердегі тәрізді Қазақстанда жезөкшелікке «лицензия» беріп, притондар үйлерін ашудың зиянынан гөрі пайдалы жағы басым деп дәлелдеушілердің сөздеріне қарағанда «секс индустриясы» өндіргіш күштерінің біраз бөлігі біздің елімізде «еңбектері» бағаланбағандықтан «жұмыс» іздеп шетелдерге кететін көрінеді. Олар сол шетелдегі притон үйлерінің қожайына мыңдаған доллар кіріс әкелуде. Біздің елде де жезөкшелікті заңдастырып, арнайы рұқсат берілсе, тән саудасынан түскен қаржы жергілікті бюджетті толықтырар еді және олар денсаулық сақтау мекемелерімен бірге жұмыс істесе деген кейбір азаматтардың пікірлері осыған сай келіп тұр.
Ал, шын мәнінде жезөкшеліктің салдарына келетін болсақ, жезөкшелер дін мен ұлттық салт-дәстүрді аяққа таптап, халықтың ұлттық намысын, туыстарының ар-намысын қорлап, беделін түсіреді. Венерологиялық, одан да басқа жұқпалы аурулардың таратушысы да жезөкшелер екені тәжірибе көрсетіп отыр. СПИД орталығында аурудың вирусын жұқтырған 400-ден аса науқас тіркеуде тұр. Бұлардың 95 пайызы кәнігі нашақорлар және де мерез (сифилис), соз (гонорея), хламидиоз тәрізді т.б. жыныс жолдары арқылы жұғатын ауруларға ұшырағандар жиі кездеседі. Медициналық тексеру барысында 10-12 жастағы жасөспірімдерден соз, мерез және басқа да жұқпалы жыныс ауруымен сырқаттанғандар анықталған. Жезөкшеліктің тағы бір қоғамға қауіптілігі сол-олардың басым көпшілігі жасанды түсік тастайды, заңсыз аборт жасайды, әкесіз, некесіз туған жас нәрестелерін қараусыз тастап кетеді, ал қыз балаларын өз кәсібіне баулитын жезөкшелер де пайда бола бастаған. Жезөкшеліктің осындай теріс әрекеттері бүкіл жұртшылықты, қоғамды алаңдатуда.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша