Жолдау — ел өркендеуінің басты құжаты. Ұлт денсаулығы кез келген мемлекеттің басты басымдығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталып, туған елінің ертеңіне алаң көңіл, әрбір елжанды адамға ой салып өткені хақ. Егемендік алған кезеңнен бері денсаулық сақтау саласында түрлі бағдарламалар, жобалар іске асты. Бір бағдарламада ескерілмегенді екіншісі толықтырып отырды. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету барысында инфрақұрылымға, құрал-жабдықтарды жетілдіруге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінді. Қазірде медициналық көмекке қолжетімділікті жақсарту мақсатында цифрландыру мәселесі жолға қойылып жатыр. Ауыл медицинасының әлеуетін арттыруға да басымдық беріліп келеді. Осыған қарап медицина бір бағытта емес, жан-жақты дамып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Ұлт денсаулығы кез келген мемлекеттің басты басымдығы. Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне және денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелеріне тоқталып өтті. Жыл сайын денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі артып келеді. Биыл ол 3,3 триллион теңгеге жетті. Бірақ көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын әлі де жақсарту қажеттігіне Президент тоқталды. Міндетті медициналық қызметтерді бірыңғай пакетке біріктіру туралы тапсырма берілді. Президент медициналық мекемелердегі цифрландырудың маңыздылығына тоқталды. Цифрлық технологиялар диагноз қоюға, оңтайлы емдеуді таңдауға және медициналық көмек көрсетуге уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру арқылы салаға бөлінген қаржыны бақылап, «жалған жазбалардың» жолын кесуге мүмкіндік тумақ. Сайып келгенде, бұл да медициналық көмек сапасын жетілдіруге жол ашады. Бүгінде онкологиялық ауруға шалдығуы мүмкін деген күдікті пациенттерге уақтылы диагностика жүргізуге «жасыл жол» енгізілген. Әрбір өңірдегі онкология орталығында ахуалдық орталықтар құрылған. Бұрындары онкологиялық аурулардың кейбірін дәрігерлер тек хирургияда зерттеп қараған болса, қазір саланың бағыты кеңейіп, мүмкіндігі молайды.
Онкологиялық ауруларға қатысты генетикалық зерттеулер, ғылыми жаңалықтар көп. Қатерлі ісікті тікелей емдеуге септесетін дәрі-дәрмектер шығып жатыр. Өкінішке қарай, медицина дамыған сайын аурулардың түрі көбейіп бара жатқаны да жасырын емес. Сондықтан еліміздегі білікті профессор-дәрігерлер медицинаның барлық саласында алдыңғы қатарлы елдермен, халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Бұл байланыс мемлекеттік деңгейде медицинаға инвестиция тартумен сабақтасады. Бүгінде шетелде дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниялар елге келіп жатыр. Яғни олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалып отыр деген сөз. Осылайша, елдегі дәрі-дәрмек өндірісі жылдан-жылға арта береді. Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия сынды нейрохирургияның жаңа салалары енді. Ал кейінгі жылдардағы жаңашылдықтың бірі ретінде Гамма-пышақ радиохирургия кешенін айтуға болады. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы Орта Азиядағы жетекші орталықтардың біріне айналып үлгерді.
Айта берсек, медицинаның барлық дерлік бағытында жетістіктер жетіп артылады. Әлбетте, салада көптің көңілінде жүрген, түйіні тарқамаған мәселелер де бар. Қалай дегенде де, ұлт саулығы мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Адам әлеуеті деңгейін арттырудың маңызды бағыты — бұл қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету және саламатты өмір салтын алға жылжыту болып табылады. Бұл орайда медицина саласын модернизациялау ісінің бізге берері мол.
Материалдық-техникалық базаны жақсарту мен кадрлар біліктілігін арттыру маңызды фактор. Бұл орайда, біз ақ халаттылар Саламатты Қазақстан қалыптастыруға бар күш жігерімізді жұмсап, денсаулық сақтау саласын ілгерілетуде аянбай тер төгуге дайынбыз!

Анар АЛЬМУСИНА,
Айнабұлақ ауылдық округінің фельдшері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *