Жол ережесін білу маңызды
Бүгінде қалада, ауылда да үлкен көшелер және онда жүйіткіген көліктер саны көбейгені рас. Көше кеңейген сайын ерсілі-қарсылы жаяу жүргіншілердің де, жүргізушілердің де көбейетіні даусыз. Соңғы жылдары ауданымызда да автокөлік саны артып, тұрғындардың жол ережесін біліп, оны қатаң сақтауы талап етіледі.
Барлық жол қозғалысына қатысушылардан белгіленген тәртіп ережелерін сақтап, бір-біріне құрметпен қарауларын сұраймыз. Жол көлік оқиғалары екі тараптың да қателігінен болады. Жолдың әр шақырымына инспектор тұра алмайды. Әрбір адам жеке тұлға ретінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға тиіс. Шынын айту қажет, көптеген тұрғындар жол ережесіне бағынбай, қалаған жерден өтіп кетеді. Тіпті жаяу жүргіншіге арналған жолақтан дұрыс өтпейтін тұрғындар да бар. Ал көлікте келе жатқан жүргізуші белгі қойылмаған жерден біреу шыға келеді деп ойламайды. Осындай жағдайдан жол көлік оқиғасы болады.
Сондай-ақ жаяу жүргіншімен қатар, жүргізушілердің смартфонға үңіліп, жолға дұрыс қарамағандығы кесірінен де оқыс оқиғалар болып жатады. Полицейлер үнемі жүргізушілерге жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде жылдамдықты төмендету керектігін, ал жаяу жүрген азаматтарға жолдан өтер уақытта құлаққаптарын алып, жан-жағына мұқият қарап өту керектігін ескертеді. Сондай-ақ бағдаршамға бағынып, жолды жаяу жүргіншілерге арналған арнайы белгі орнатылмаған жерден кесіп өтпеу керектігін айтады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша