Жемқорлық – індет, күресу — міндет
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Яғни, пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жылдар бойы жүргізіліп келеді және ол ешқашан да бәсеңдемейді. Жемқорлықтың алдын алу мақсатымен көптеген іс-шаралар қолға алынып, атаулы жұмыстар жасалуда. Ол атқарылған шаруалардың да өзіндік нәтижелері жоқ емес, біраз істің беті ашылып, жолы да кесіліп жатыр.
Өкінішке орай, ақша жүретін жерлердің бәрін дерлік сыбайлас жемқорлық жайлап алған. Әсіресе, мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражаттың талан-таражға түспеуіне, біреулердің қалтасында кетпеуіне мол көңіл бөліп, әрқашан назарда ұстап, бақылап отыру қажет. Бір өкініштісі, мемлекеттік қызметте істейтіндер арасында қызметтік шендерін пайдаланып, жемқорлықпен айналысып жүргендері бар. Соңғы кезде мұндай қылмыскерлердің біразының жолдары кесіліп, жасаған қылмыстарының беті ашылып жатыр. Осы орайда біз әрқашан да «Өзіңнен баста!» ұранын алға тартамыз. Елге үлгі болу үшін, алдымен өз қатарымыздың «таза» болуын барынша қадағалауға тырысамыз.
Алмас ӘБДІҒОЖИН,
аудан әкімінің орынбасары