БЕЛЕС БИІГІНДЕ

Жаңаарқа жұртшылығы Бейбіт Қасеновті жақсы таниды. Ол сан қырлы азамат. Мемлекеттік қызметтегі мәртебелі жолдарын былай қойғанда, өнерде, спортта ойып алған орнының өзі оны баршаға танымал еткен болатын. Бекең қазір өмірдің биік белесі — жетпіс бес деген асуына көтеріліп отыр. Зейнеткермін деп оқшау күй кешіп, томаға-тұйық отырған емес. Қоғамдық жұмыста да алғы сапта жүреді. Ауданымыздың орталығы – Жаңаарқа кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы. Аудандық ұлттық спорт федерациясының төрағасы, ат спорты түрлерінен 1-санаттағы төреші. Әнші-сазгер, қолға гитарасын алса әуезді әнін әуелетеді. ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілерінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Өткен жылы Республика күні мерекесінде Президенттің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бейбіт Байбосынұлы 1965 жылы орта мектепті бітірген жылы Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түсті. Ол мектепте жүргенінде де, инстиутта да спортқа белсене қатысты, өнерге бейім болды. Еркін күрестен Қазақстан ішіндегі, Ресейдің Рязань қаласындағы біріншіліктерде алғашқы үштіктен көрініп, спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. Факультеттегі ансамбль құрамында болып, гитарамен ән салып қошеметке бөленді. Жоғары оқу орнын бітіріп келген соң шаруашылық саласында еңбек еткенде де спорт пен мәдени шараларға жақын жүретін. Өнер оның өмірлік серігіне айналды.
Алғашқы еңбек жолын Жаңаарқа ауданындағы Атасу кеңшарының Байғұл бөлімшесінде зоотехник болудан бастады. Жас маманды 1971 жылдың күз айында халық депутаттары аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне жұмысқа шақырды. Мұнда үш жылдай қызмет істеген ол ысыла түсті. Аупартком үлкен сенім білдіріп 1974 жылы кой өсірумен айналысатын «Ақтау» кеңшарына бас зоотехник қызметіне жіберді.
Шаруашылық директоры Ахметов Көшен сабырлы, ренішке бара бермейтін, әр саланың мамандарына сенім артып, жұмыс істеулеріне толықтай мүмкіндік беретін кісі еді. Бейбітті жастығына қарамастан кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасарлығына тағайындады. Жастық жалынмен еңбек еткен ол өзіне жүктелген сенімді ақтай білді. Іскерлік танытты. Сол кездегі Жаңаарқа ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамедқасым Шакенов бұдан соң Бейбіт Қасеновті аудандық ауылшаруашылық басқармасының бас зоотехнигі етіп, одан соң 1982 жылы аудандық партия комитетінің ауылшарушылығы бөлімінің меңгеруші қыметіне тағайындады.
1983 жылы аупарткомның бірінші хатшысы болып келген Марат Мусиннің ұсынысымен Бейбіт Байбосынұлы 1984 жылы ақпан айында қой өсірумен айналысатын күрделі шаруашылық Карл Маркс кеңшарының директорлығы қызметіне жіберілді. Бейбіттің ауыл шаруашылығы саласындағы бұған дейінгі жинақтаған тәжірибесі үлкен шаруашылықты басқару кезінде кәдеге асты. Кеңшар экономикасын көтерудің тетіктерін қолға алды. Етке өткізілетін малдың қоңдылығын арттыруға айрықша мән берді. Осы мақсатта кеңшар орталығынан 3000 қой, 50 ірі қара, 50 бас жылқы бордақылайтын алаң салынды. Шаруашылықты дамытумен қоса ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, спорт пен мәдениет саласының дамуына ерекше көңіл бөлінді. Бір жағы әйелдерге, бір жағы ер адамдарға арңалған ішінде саунасы, бассейні, дем алатын бөлмесі бар 20 орындық монша құрылысын қолға алып, іске қосты. Үлкен жолдан ауылға кіре берістегі 11 шақырымдық автокөлік жолына асфальт төселді. Ресейдің Сібір өңіріндегі ағаш дайындайтын бір орман шаруашылығымен келісім жасап 35 вагон бөрене, 2 вагон есік-терезе жақтауларымен алдыртып, құрылысқа қарқын берді. Жем-азық дайындайтын цех, ауыл тұрғындары мен шопандарға жаңадан үйлер, мал қоралары салына бастады. Арзан шығынмен жастардың үйлену тойын, мәдени шаралар өткізетін тойхана салынды.
Шаруашылыққа дұрыс басшылық жасай отырып, елдің бірлігін сақтаудың арқасында екі-үш жылда қысқа түсетін қойдың саны 51 мыңға, жылқы 2400 басқа дейін өсті. Жыл қорытындысы бойынша 1986 жылы Карл Маркс атындағы кеңшар республикадағы қой өсірумен айналысатын шаруашылықтар ішінде жеңімпаз атанды. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді және сатып алуды арттыру жолында атқарған еңбектері бағаланып, кеңшар ұжымы Бүкілодақтық Социалистік жарыстың қорытындылары бойынша СОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС-тің және ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет Грамотасымен және Қызыл Туымен марапатталды. Кеңшар бірінші рет сол кезде шаруашылық жылын 1 миллион 300 мың сом таза табыспен қорытындылады. Миллионер кеңшар атанды. Сый-сияпаттан да кенде болған жоқ. Кеңшар директорына қызметтік жаңа УАЗ автөкөлігі, ауыл еңбеккерлеріне алғыс ретінде 3000 сом ақша, шаруашылыққа бір автобус сыйға тартылды. Директор бастаған біраз еңбеккерер Кеңес заманының марапаттарына ие болды.
Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы Бейбіт Байбосынұлы аудандық ауылшарушылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауысты. Кейін сол мекеменің басшысы болып абыройлы қызмет атқарды. Сонымен қоса нарықтық қатынастар талабына сай ауданда жаңадан құрылған шаруа қожалықтары одағына да басшылық жасады. 1993 жылы аудандық ауылшаруашылығы басқармасының орнына құрылған маркетингілік қызмет басқармасын басқарды. Ақтасты өндірістік кооперативінің конкурстық негіздегі меңгерушісі болды. Елімізде эконоикалық қиындықтар орын алған 2000-2004 жылдардағы күрделі кезеңде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік сала бөлімін басқарып, аудан басшыларының сенімінен шыға білді. Кейінде, яғни 2004 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққанша аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Аудан әкімдігі Қасенов Бейбіт Байбосынұлының ауыл шаруашылығындағы және басқа да жауапты салалардағы көп жылғы еңбегі мен тәжірибесін ескеріп, зейнетке шыққаннан кейін де біраз уақыт аудан әкімі аппаратының кеңесшісі қызметін жүктеген болатын. Бекең негізгі қызметтерімен қатар ауданның қоғамдық жұмыстарына да белсене атсалысты. Жаңаарқа ауданында 1994 жылы өткен С.Сейфуллиннің 100 жылдық тойында ат жарысының бас төрешісі, 1995 жылы Семей облысының Абай ауданында өткен Абай Құнанбаевтың 150 жылдығында төрешілер құрамында болды. Сондай-ақ, ол Жезқазған қаласында өткен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойында да ат спорты жарыстарының бас төрешісі болып, іс-шараның ойдағыдай өтуіне өз үлесін қосты. Бейбіт Байбосынұлының басшылығымен дайындалған аудандағы ұлттық ат спортының командасы облыстық спартакиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Бір спортшы спорт шебері, 9 шабандоз ұлттық ат спорты түрлерінен спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Осы саладағы Бейбіт Қасеновтің еңбегі бағаланып, 2014 жылы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Алғыс хатымен марапатталды, ал 2017 жылы Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қызметкері» медаліне ие болды. Бекең өнерді өмірлік серігіне айналдырған адам. Әншілігімен қоса өзі шығарған бірнеше әндері бар. Жаңаарқа ауданы Мәдениет үйінде құрылған ардагерлер ансамблінің белді мүшесі. Аудандық іс-шараларда әжелер мен ардагер қариялардан құралған өнерпаздар үнемі концерт қояды.
Бекең Жаңаарқаның даңқын шығарған бір сәтте мың күбіде қымыз пісу шарасына да лайықты үлес қосқан-тын. 2019 жылы ақсұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерекесін атап өту үшін ауданда «Атасу» қоғамдық
қайырымдылық қоры құрылды. Аудан әкімі Юржан Бекқожинның ұсынысымен Бейбіт Қасеновке сол қордың президенті болу және ұлттық спорт жарыстарыңың бас төрешілігі жүктелген болатын. Мереке жоғарғы деңгейде өтіп, Бейбіт Байбосынұлына жүктелген міндет абыроймен орындалды. Тойдағы ауқымды шаралардың бірі 10 000 литр Жаңаарқа қымызын 1000 қүбіге бір мезгілде құйып, пісуді ұйымдастыру шарасы болды. Куба елінен арнайы ұшып келген, Гиннестің әлемдік рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас аудан басшылығына әлемдік дәрежедегі рекорд орнатуды қамтамасыз еткендері үшін, Гиннестің рекордтар кітабына кіргендіктері жөніндегі арнайы Күәлікті табыстады. Сол жолы жобаны жүзеге асырушылардың бірі ретінде, «1000 литр Жаңаарқа қымызын бір мезетте 1000 күбіге құйып, пісу» шарасын ұйымдастыруына қатысып, оның Қазақстан рекордтар кітабына тіркелуіне үлес қосқан «Атасу» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Қасенов Бейбіт Байбосынұлына Қазақстан Рекордтар кітабы редакторы қол қойған арнайы сертификат табыс етіліп, тағы бір мерейге бөленгені бар.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Бекеңнің Ғазиз деген баласы Жаңаарқа аудандық спорт мектебінің ұлттық спорт түрінен жаттықтырушысы әрі «Жекебатыр» көкпаршылар командасының капитаны. Арнайы атқорада баптап, бәйге, көкпар аттарын ұстайды. Өткен жылғы Елордасы Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды шауып өткен республикалық «Ұлы Дала Жорығы» марафоны ел есінде болар. Шабандоздар алты аймақтың, 28 елді мекеннің үстінен өткенде жарыс жолына шыққан 100 аттан мәреден өткені 9 ғана болды. Осы дүбірлі додада Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының «Арқа көк» аты мәре сызығын сегізінші болып қиды. Жүлдеге ілікті. Аттың иесі «Жекебатыр» көкпар командасының капитаны Ғазиз Қасенов болатын.
Бейбіттің жұбайы Күліш жоғары білімді мұғалім ретінде жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосты. Тату-тәтті ғұмыр кешкен екеуі өнегелі отбасын құрап, лайықты ұрпақ өсірді. Төрт баладан 9 немере, үш шөбере көріп отыр. Балаларының бәрі жоғарғы білімді мамандар. Міне, шаңырағына шаттық ұялап, жетпіс бесіне жер таянбай сергек күйде жеткен біздің Бекең осындай жан.

Аманкелді ӘБЖАНОВ,
Жаңаарқа ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *