Жаңаарқа ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді

25 қазан – Республика күні қарсаңында ауданымыздың әр саласында жемісті еңбек етіп, көптеген жетістіктерге жеткен бір топ азаматтарға «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беру – моральдық ынталандырудың, адамның Қазақстан Республикасы, облыс, қала және аудан алдындағы ерекше еңбегін қоғамдық мойындаудың көрінісі болып табылады, сонымен қатар патриоттық сананы тәрбиелеуге, облыс, қала, аудан тарихында тұлғалардың есімдерін қалдыру мақсатына қызмет етеді», — делінген ережеде. Демек бұл марапат адамның еткен еңбегіне алғыс ретінде жасалған құрмет.
Ауданның спорт саласының дамуына 50 жылдан астам абыройлы қызмет атқарып, бірнеше рет халықаралық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанған Әбетбай Іңгірбайұлы Майшиннің бұл атаққа лайық екеніне ешкім дау туғызбас.
Спортшы кезінде волейбол жарыстарына жасөспірімдерге өз қаражаты есебінен жарыстар, турнирлер ұйымдастырып, көмек беріп отырған. Ауданымыздың қоғамдық-саяси өмірінде үлкен орны бар тұлға, ауданымыздың баспасөз саласында көп жылдар басшылық еткен журналист, ақын Амантай Нығатайұлы да «Құрметті азамат» атанды. Көптеген республикалық дәрежедегі марапаттар иегері зейнеткерлікке шықса да ауданымыздың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, бүгінде аудандық Қоғамдық кеңеске төрағалық етеді.
Ауданның дамуы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірген тағы бір елеулі жан — Бейбіт Байбосынұлы Қасенов болды. Ауданымыздың ауылшаруашылық, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет саласында белсенді қызмет атқарған, бірнеше мемлекеттік марапат иегері бүгінде Жаңаарқа кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы. Теміржол саласының дамуы мен қалыптасуына қосқан зор еңбегі үшін, сондай-ақ атқарған белсенді қызметі үшін, бірнеше мемлекеттік марапат иегері Төлеубай Қадырұлы Мұсаев «Құрметті азамат» атанды. Еңбек ардагері өз қаражаты есебінен мұқтаж азаматтарға үнемі демеушілік көмек көрсетіп, ел алғысына бөленген тұлға.
200-ден астам ғылыми зерттеулер мен кітаптардың авторы ретінде ауданымыздың мәдениет саласының дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан Темірғали Тілеубекұлы Аршабеков те жоғарғы дәрежелі атаққа ие болды. Атап айтқанда, «Жаңаарқа тарихы», «Ақтау бекінісі», «Сарыарқа қазақтары», «Бұқар жырау ауданының тарихы», «Жаңаарқа ауданының топономикасы», «Жер жәннаты — Жаңаарқа», «Сарыарқаның қолтаңбалы қолөнері», «Орталық Қазақстанның зергерлік өнері», «Орталық Қазақстанның мешіттері мен медреселері» кітаптарының авторы. Жаңаарқа ауданы Сайдалы Сары Тоқа кесенесін қалпына келтіру жұмысына ұсыныстар енгізген ғылыми кеңесші, Қарағанды облысы ономостикалық комиссия мүшесі.
Осы жылдар ішінде сіздер мен біздер жасаған нәрсенің бәрі әрбір жеке адамның еңбегінен құралады. Адам сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, оған өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған кезде марапат пен сый-құрмет оны өзі іздеп табады. Сіздердің жетістіктеріңіз өз әріптестеріңізді және барлық азаматтарды зор биіктерге жігерлендіретініне сенеміз! Марапат құтты болсын!
janaarkagazeti@mail.ru

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *