Қоғамның үлкен кеселі

Жезөкше… Құлаққа жағымсыз, адам жаны жиренетін бұл сөзге бүгінде қазақтың құлағы үйреніп кетті. Көше бикештері түнде ғана емес, күндіз де жүздерін жасырмастан, тәндерін саудаға салуда. Нарықтық қоғамда ақша көп рөл атқарып жатқаны жасырын емес. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген қағида халықтың санасына сіңіп кетті. Ал ақша бар жерде ластық, зорлық-зомбылық бар екенін біле бермейміз. Мәселен, жезөкшелік осыған байланысты туындаған. Кеңес Одағы кезінде адамгершілік қасиет алдыңғы кезекте тұратын. Соған орай әр адамда ар-намыс жоғары бағаланатын-ды. Ежелгі қазақ «Өлімнен ұят күшті» деген. Бұл мақал да адамгершілік қасиетке бағытталған-ды. Қазір қоғамымызда ар-намыс та, адами қасиет, ұят та қалмай барады. Көшеде тізіліп тұрған қыздарды көру үйреншікті болып кетті. Оған «әй» дейтін қожа жоқ. Тұрғанына қысылмайтын нәзікжандылар өз «қызметтерін» көрсетуге сақадай-сай дайын тұр. Осындайда атам қазақтың «Қызға – қырық үйден тыйым» деген ырымы еске түседі. Азғындаған қоғамда қыздардан бөлек, ерлер де бүлініп бара жатқаны жасырын емес. Жалпы, «түнгі көбелектердің» азаймай отыруына кім кінәлі? Шығысым Батыс боп кетті ме?
Жезөкшелік – қоғамның дертіне айналғалы қашан. Өкінішке қарай құқық қорғау органдары тарапынан бұған қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп жатса да, жаман кәсіпті нәсіпке айналдырғандар айылын жияр емес. Жұмыссыздықты, заманның қиындығын желеу еткен шөпжелкелер көшені жаулап алды. Ар, абыройды аяққа таптап, намыс нан бола ма деуді арланбай айтатындар да солар. Қоғамның жазылмас жарасына айналған бұл дерт жыл өткен сайын жайлап барады. Шошытатыны осы. Дабыл қағамыз. Даурығамыз. Бірақ, нәтиже жоқ.
Қазір Қазақстанда тәнін сатып «күн көріп» жүрген төменетектілердің саны қанша, олардың арасындағы қаракөздердің үлесі қандай? Бұл сауалға жауап беретін жан жоқ. Белгілісі, әйтеуір олар көп. Бір анықталғаны, жезөкшелік жолға түсіп кеткен қыздардың біразы тәрбиелі отбасында дүниеге келген. Олар бұндай теріс іске қалай тап болғандарын өздері де аңғармай қалған көрінеді. Кейбіреуі жарнамалық басылымдағы хабарландыруға алданып, жұмыс іздеу мақсатымен әлдеқандай мекемеге барып, қолға түскен. Ал енді біреулерін зорлық жолмен ұстап алған. Жеңгетайдың қарамағындағы қыздар көбіне күніне орташа есеппен алғанда 10-15 мың теңге табыс тауып отырыпты. Алайда ол ақшаның көбісін иелері иемденген. Келген клиентке жөндеп қызмет көрсетпегендерді жеңгетайлар ұрып-соғып, жәбір көрсеткен жайлардың арнаулы тергеу орындарында тіркелгені туралы деректерді де кездестіруге болады. Әлі де ашылмаған қылмыстық топ қаншама десеңізші! Қор болып, тағдырлары тәлкекке ұшыраған қыздар қаншама?! Міне, осындай келеңсіздіктер елімізде кеңінен етек алуда. Алайда оң өзгерістер де жоқ емес. Бұрындары телеарналар эротикалық киноларды көптеп көрсететін-ді. Қазір осы мәселеге шектеу қойылды. Телеарналарымызда әдепсіз киноларға шектеу жасалды. Өкініш ке қарай, бүгінгі күні барлық гәп ғаламторда болып тұр. Сондықтан жастардың арасында имани тәрбиені күшейтіп, шетелдік басылымдарға және әлемдік желіге сақтықпен қарау мәселесін жолға қою керек-ақ.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *