«Қола домбыра» республикалық айтыстың аудандық кезеңі өтті
Ауданымызда дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі білім бөлімінің жетекшілігімен жалпы орта білім беру ұйымдарының 5-11 сынып оқушылары арасында Республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының облыстық кезеңіне іріктеу өткізілді. А.Сейдімбек мектеп қабырғасына жиналған жыр дүлдүлдері өз ара кіл мықтыны анықтады. Айтыстың мақсаты: жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу; жас ұрпақтың шығармашылық дамуына жағдай жасау; сөз құдіреті арқылы жас жеткіншектерді шебер сөйлеуге, тапқырлыққа, білімділікке, ақындыққа, домбыра тартуға тәрбиелеу; Әділ баға беріп ауданымыздың атын республикалық сахнада корғайтын жас ақынды анықтау үшін аудандық мәдениет үйінің қызметкері, ауданымызға белгілі айтыскер ақын Медет Жаманов бас төрешілік етті. Сөздің көрнекілігі мен құрылымын “Жаңаарқа” газетінің тілшісі Қуаныш Төлеутай анықтады. Осы жарыстың ұйымдастыруын қадағалап, бар жауапкершілікті мойнына алған аудандық білім бөлімінің мамандары Айгерім Окасова және Ақмарал Ахметовалар болды. Қазылар алқасының мүшелері қорытындылай келе, 1 жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Бас жүлдені Айбат Қапбас (А.Сейдімбек мектебінің 11 сынып оқушысы, жетекшісі Гүлшат Көпжасарова), І орынды Мұхаммедғалы Ғабдулла (Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің 10 сынып оқушысы, жетекшісі-Перизат Көшкімбаева), ІІ орынды Нәзерке Бүркіт (Ақтау жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы, жетекшісі-Гүлжанат Акашева), ІІІ орынды Абылайхан Аманжан (Ақтау жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы, жетекшісі-Гүлжанат Акашева) иеленді. Тартысты айтыстың қорытындысы бойынша ауданымыздың намысын облыстық сахнада қорғап шығатын Айбат Қапбасқа алдағы таңда өтетін сайыста тек сәттілік тілейміз. Қазақылықтың қаймағы сақталған бұл өнерімізді жас өрендер әлі де үйреніп, жетік менгеріп алады деген сенімдеміз.