Алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда

Қазір «интернет-алаяқтық» деген ұғымнан ат үркиді. Алайда, әлеуметтік желіде алданып, сан соғып жатқандар көп. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, интернет-алаяқтық жиілеп, тіпті, жаңа түрлері пайда болуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына байланысты алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды.
Қазақстандықтарға сумен жабдықтау компанияларының жалған қызметкерлері қоңырау шала бастаған. Алаяқтар сумен жабдықтау компаниялары атынан ұялы телефонға қоңырау шалып, есептегіштерді тексеру керектігін айтады. Немесе бірден суық және ыстық су есептегіштерінің қызмет ету мерзімі аяқталғанын, сондықтан оларды жаңаларына ауыстыру керектігін жеткізеді.
Көптеген адамдар есептегіштерді қашан өзгерту керектігін білмейді, ал кейбіреулерінде бұл мерзімдер шынымен жақын болуы мүмкін. Осылайша, сіздің жеке мәліметтеріңіз арқылы, сіз туралы көптеген ақпараттар біле алады.
Сондай-ақ, алаяқтар пошта жәшіктеріне өздерінің байланыс деректерін қалдыра отырып, есептегіштерді тексеру немесе ауыстыру қажеттілігі туралы парақшаларды таратады. Осы әдіспен өздеріне клиент жинайды.
«Есептегіштерді тексеруден немесе ауыстырудан бас тартқан жағдайда, алаяқтар коммуналдық шығындар үшін төлемдердің айтарлықтай өсуімен қорқытады. Кейде олар заңдарда көрсетілмеген айыппұлдар туралы да айтады. Жалған қызметкерлер сот орындаушысы болып азаматтардан қарызды өтеуді талап ететін тағы бір алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған. Яғни, сот орындаушысы болып хабарласып, борышкерлерден қарыз төлеуін талап етеді.
Егер сізге осындай қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, Республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарында өз бетіңізше тексеріп алуға, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуды ұсынамыз.
Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін интернет желісіне АІЖО ААЖ (Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) деп жазып, «Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі» батырмасын таңдап, тек өз ЖСН-іңізді енгізіңіз. Осыған ұқсас іздеуді «АИС ОИП» қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болады. Егер сіз борышкер болсаңыз, онда сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны шығады. Егер сіз борышкер болмасаңыз, онда қызғылт сары түспен «Сұраныс бойынша ештеңе табылмады» деген жазу шығады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым салмағанын және сала алмайтынын білдіреді. Сондықтан күмәнді қоңырауларға жауап беріп, өз деректеріңізді беруден сақ болыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *