Сыбайлас жемқорлық – қауіпті құбылыс

Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Иә, жемқорлық дерті қазіргі қоғамда ең өзекті мәселеге айналды. Президент әрбір Жолдауында да осы мәселе аясында нақты міндеттер жүктеп, тақырыпты күн тәртібінен түсірмеуге пәрмен берді. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, жеке азаматтармен және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге, мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отырғаны белгілі. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барша ел азаматтарының азаматтық борышы. Жас ұрпақ – еліміздің болашағы. Әрбір отбасында тек адал еңбектің нәтижесінде ғана жетістікке жету туралы түсінік түбегейлі қалыптасуы тиіс. Отбасында рухани және ұлттық тәрбие, адал еңбек барлық адамгершілік қағидаттарының бұлжымас өзегі болуы тиіс.
Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тоқсауыл қоя аламыз. Жемқорлық – жауапсыз адамдардың жолы, ол ел болашағына, келер жас ұрпаққа төнген орасан зор қауіп. Ұрпағымыздың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, болашақтарын жемқорлықсыз жарқын ету өз қолымызда!

Жалғасбек ЖӘНІБЕКҰЛЫ,
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *