5 қазан — Ұстаздар күні. Қарапайымдылықта тереңдік, даналық бар

 

Ұстаз алдын көрмеген жан жоқ. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде баршылық. Солардың бірі – Жаңаарқа  ауданының тұрғыны, ардақты ана, сүйікті әже, ардақты ұстаз — Сара Құсбекқызы Өкімова. Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз. Себебі, кез-келген салада, білім мен ғылымда болсын жетістікке жеткен жан әуелі өзінің алғашқы ұстазын еске алатыны белгілі.
Кейіпкеріміз, ардақты ұстаз Сара Құсбекқызы 19 ақпан 1957 жылы туылған. 1996 жылы Жаңаарқа ауданы А.Сейдімбек атындағы жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімімен қоса оқушылардың тәрбиесімен яғни директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 
 Сара Құсбекқызы ауданымыздағы тәжірибелі, озат ұстаздардың бірі болды. Көп жылғы еңбегі еленіп, аға мұғалім атағына ие болған жан.
Сара апайдың ұстаз ретіндегі өзгелерден ерекшелеп тұратын қырлары көп әрине. Еңбекқорлығы, ізденгіштігі өз алдына бір бөлек, ең алдымен менмұндалап тұратын жан дүниесінің кеңдігін, сөйлеу мәнері және сабақ түсіндірудегі шеберлігін ерекше атар едім. Оның дәрісіне қатысқан тыңдарман, оқушы алған әсерін көпке дейін ұмыта алмай жүреді. Тағы бір ерекше қасиеті елмен көп араласатын. Адамның бойындағы жақсы сипатты, адамгершілікті, дарындылықты тани білетін жан еді. Қолынан келген көмегін беруге,  қолдау көрсетуге асығып жатады. «Айналайын, Айнұржан!»,- деп жағдайыңды сұрап, ақыл-кеңесін де беріп тұратын еді.
Адам жанының нәзік білгірі секілді оқушының бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін тәрбиеден іздейді. Кішіпейілділік, ұқыптылық, мінездегі ар, ұятты негізінен тәрбиеге байланыстырады. Баласы тәрбиелі болсын десе, ата-анасы алдымен өздері тәрбиелі болуы керек деп ескертіп отырады. Асылында, ізгі жандардың бәрі шетінен кішіпейіл, қарапайым болады деуші еді. Өйткені қарапайымдылықта тереңдік, даналық бар. Олай дейтініміз, түсінбестік не ашуға бой алдырып келеңсіз жағдайлар туындай қалғанда бұл кісінің сабырға шақырудағы парасаттылығын айтпауға тағы болмайды. Қандай жағдай орын алмасын, нендей күйге түспейік, байсалды түрде жылы сөзбен шешіп, күрделі мәселенің өзін сәтімен аяқтап жібереді.
Иә, әрбір ұстаздың өзіндік ерекшелігі, болмыс-бітімі болатындығы анық. Ал нағыз ұлағатты ұстаздың, кемел жанның бейнесін біз Сара Құсбекқызы сынды жандардың болмысынан іздер едік. Шағын мақала көлемінде кейіпкеріміздің ұстаздық өнегесін, сан қырлы қасиеттерін толық айтып шығу мүмкін емес. Біз мүмкіндігінше кейіпкеріміздің ұстаздық өмірі мен еңбек жолындағы бізге белгілі кейбір тұстарына ғана тоқталдық. Ұлағат иесінің ұстаздық тағылымы мен тәлімі мол екендігін көрсетуге тырыстық. Педагогикалық тәжірибесі мен жалпы адами қасиеттері кейінгі жастардың кәдесіне асса екен, жұғысты болса екен дедік.
Сіз бақилық болсаңыз да, жарқын бейнеңіз жадымызда. Айтқан сөздеріңіз санамызда. Алдыңыздан өткен жүздеген шәкіртіңіз бар да, Сіз мәңгіліксіз. Сіздің маңдай тер, еселі еңбегіңіздің алдында басымды иемін. Сіз секілді ұлағатты ұстаздан білім алған шәкіртіңіз қазіргі кезде ізіңізді жалғастырушы өзім болып отырмын. А.Сейдімбек атындағы жалпы білім беретін мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарудамын.Сеніміңізге селкеу түсірмеуді өзімнің шәкірттік парызым деп білемін. Жатқан жеріңіз жайлы, қабіріңізге Алланың нұры жаусын!

Айнұр ҚҰЛҚАЕВА,
А.Сейдімбек атындағы жалпы білім беретін мектебінің

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *