АЭС-те апат болса, реактор өздігінен тоқтайды – Ерболат Қоянбаев
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда атом энергиясын пайдалану туралы заң бар. Сол заң бойынша реактордың қауіпсіздігіне пайдаланушы мекеме жауап береді.
Қазір ақпараттық алаңда АЭС мәселесіне қатысты күмәнді жайттың бары рас. Десе де оған қарсы уәж айтатын мамандар да бар. Осыған орай Aikyn.kz сайты Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы лауреаты, ҚР Ұлттық ядролық орталығының Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаевпен тілдесіп, Қазақстандағы АЭС салу ісіне байланысты көкейдегі көп сұраққа жауап алды.
72 сағат бойы реакторды салқындатады
— Ерболат мырза, қазір Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты қоғамдық пікірде үлкен қорқыныш бары жасырын емес. Әсіресе Чернобыль мен Фукусимадағы апат бұқараның атом энергетикасына деген сенімсіздігін еселеп күшейтті. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстанда АЭС-тің қауіпсіздігіне кім жауап береді? Ертең опық жеп қалмаймыз ба?
— Негізі Чернобыль мен Фукусимадағы реакторлар – II буындағы реакторлар. Қазір Қазақстанға салуды қарастырып отырған реакторлар – III буынды реакторлар. АЭС жобасы тарихта болған барлық апатты ескере отырып, жасалды. Сол себепті Фукусима мен Чернобыльдағы оқиғаның болуы 10 миллион жылға бір оқиғамен есептеледі. Демек ықтималдық өте төмен. Өйткені III+ буындағы реакторлар өте қауіпсіз. Тіпті апат бола қалған күннің өзінде реактор өзінің логикасымен, ешқандай оператордың қатысуынсыз-ақ, автоматты түрде өзін қауіпсіз жағдайға келтіре алады. Сонымен қатар Чернобыльдағы сияқты құрылғы балқып кетпес үшін 72 сағат бойы реакторды салқындатады. Негізінде III+ буынның артықшылығы сол, барлық қауіпсіздік жүйесі пассивті.
Ал реактордың қауіпсіздігіне кім жауап береді десеңіз, Қазақстанда атом энергиясын пайдалану туралы заң бар. Сол заң бойынша реактордың қауіпсіздігіне пайдаланушы мекеме жауап береді. Оның жұмысын Атомдық және энергетикалық комитет қадағалайды. Қазірдің өзінде біздегі Курчатовта 2 зерттеу реакторы бар. Ең біріншісі өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері әлі істеп тұр. Ешқандай апаттық жағдай болған емес. Меніңше, бұл тұрғыдай уайымдайтын себеп жоқ.
— Одан кейін АЭС-ке қатысты тағы бір маңызды мәселе – экологиялық жағдай. Атом энергетикасынан радиоактив қалдықтар шығатыны белгілі ғой. Сонда АЭС-тің утилизациясы қалай жүзеге асады?
— Әрине, АЭС жұмыс істеген кезде радиоактивті қалдықтар пайда болады. Бірақ оның көлемі басқа энергия көзімен салыстырғанда, өте аз. 1 Гигаватт қуаттан жылына 50 текше метрге дейін ғана радиоактив материал шығады. Бұл консерватив, яғни ең көп мөлшермен санағандағы жағдай. Қазір аталған радиоактив қалдықты реттейтін технология толығымен бар. Реактор арнаулы радиоактив қалдықтарды сақтайтын орынмен қамтамасыз етіледі. Заң бойынша, АЭС-тің жобасы жасалған кезде, оның жұмыс істейтін уақыты мен істен шығаруға дейінгі барлық процесс ескеріледі. Мәселен, АЭС-тің жұмыс істеуін 100 жылға жоспарласақ, сол мерзімге оның құрылысы мен істен шығаруға дейінгі шығын, жұмыс күші – бәрі ескеріледі.
Бізде ғылым жоқ емес, бар
— Қазірдің өзінде елімізде алпауыт АЭС салу үшін өзге елге технологиялық тәуелді болып отырмыз. Ал АЭС салынып біткен соң да, «мұндай тәуелділік болмайды», «біз өзіміздің ғылымды дамытамыз» деп толыққанды айта аласыз ба?
— Өзіміздегі ғылымды дамытамыз деп толыққанды айтуға болады. Бізде ғылым жоқ емес, бар ғой. Қазіргі кезде атом саласында, реакторлық қауіпсіздік саласында қазақ ғылымының деңгейі жоғары. Егер олай болмаса, халықаралық мекемелер немесе реакторлық технологияларды дамытып жатқан елдер біздің Ұлттық ядролық орталықпен жұмыс істемес еді. Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталық барлық реакторлық технологияны шығаратын елдермен жұмыс істейді. Атап өтсек, мәселен, Жапонияның Атом агенттігімен бірге болашақ IV буындағы реакторлар отынының қауіпсіздік мәселелерін зерттеп жатыр. Оған қоса IV буындағы француздық Astrid реакторының қауіпсіздігін тексеру үшін зерттеу жұмысын істеп жатыр. Енді Ресейді айтсақ, қазір Томскте IV буын реакторының апаттық жағдайдағы қасиетін біздің Ұлттық ядролық зерттеген еді. Былай қарағанда, нәтиже жаман емес.
Енді елімізде реактор салу үшін референтті блокты да салуымыз керек. Референтті блок дегенміздің өзі – қолданыста болған реакторлар. Сондықтан осындай блоктары бар мердігерлермен жұмыс істей аламыз.
Мамандар жайлы айтсақ, әрине, технологиялық тәуелділік бары рас. Дегенмен бұл да жай сөз. Қазірдің өзінде бізде Курчатовта 300 адам жұмыс істейді. Ядролық физика институтының реакторында 200 адам жұмыс істейді. Сонда қазірдің өзінде тек қана реакторда жұмыс істейтін маман саны – 500.
— Жақында әр ел өзінің өнімін көрсетіп, ҚазАтомЭкспо көрмесінде көпке АЭС жайлы біраз ақпар берді. Жобалармен таныссаңыз, сізге маман ретінді қайсы ұнады? Тек өз субъектив пікіріңізді айтсаңыз…
— Өкінішке қарай іссапарда жүргендіктен, ҚазАтомЭкспо көрмесіне қатыса алмадым. Сондықтан қандай да бір пікір айту қиын.
— Кадр мәселесі де қызу талқыға түсіп жатыр. Қазір мен өзім білетін бір жайтты ғана айта аламын. Қателеспесек, осы АЭС саласындағы мамандықтың бірі «ядролық физика» мамандығына грантқа түсу үшін көп балл жинаудың қажеті жоқ. Одан бөлек бұған дейін бұл мамандықты бітірген мамандардың да кәсібилігіне күмән көп, тіпті олар өндіріс орнына барды ма, бармады ма – бұны да білмейміз. Сонда кадрлық тапшылықты жақын арада қалай жолға қоюға болады?
— Әрине, кадрға қатысты күмәннің болуы шартты. Ол – келешектегі қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан бұған көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Мысалға, Курчатовтағы екі реакторға, Ұлттық ядролық орталыққа мамандарды жинау үшін біз 90 жылдардан бастап Семейдегі Шәкәрім атындағы университетпен келісім-шартқа отырдық. Арнаулы кафедра, арнаулы мамандықтар ашылған еді. Осы «техникалық физика» мамандығы бойынша Курчатовта кафедрамыздың филиалы бар. Шығыс Қазақстандағы екі университеттің кафедрасы да Курчатовтың өзінде жұмыс істейді.
АЭС 10 жыл салынса, 4 жылдың өзінде біраз маман дайындап үлгереміз
Өзім білетін ЕҰУ мен ҚазҰУ-да Ядролық физика институы жұмыс істейді. Жылда осы мамандықтағы студенттер әртүрлі тәжірибеден, тағылымдамадан өтеді. Екінші курстан бастап, мекемелерде жұмыс істейді. Әрине, жұмысқа бәрін ала бермейміз. Таңдап, өзімізге керек маманды аламыз. Қазірдің өзінде ҚазАтомПромда жұмыс істейтін біздің түлектер бар. Ал енді реакторға кадрлар дайындау жайлы айтқанда, оны салу үшін де 10 жылдай уақыт кететінін ескерген жөн. Екі жыл бойы зерттеу жүргізіледі, екі жылдай АЭС-тің жобасы дайындалады, сосын 5 жылдай құрылыс жұмысы болады, арасында экспертиза да бар. Айтайын дегенім, осы 10 жыл ішінде 4 жыл бакалаврда оқитын біраз маманды дайындауға мүмкіндік бар. Сосын бізге АЭС салатын компанияның өзі операторларын дайындайды. Сондықтан реактор салынғаннан кейін оны ұстап қалатын маман жоқ деу – бос әңгіме.
— «Экономикаға экономикалық емес фактор ықпал етеді» деген сөз бар. Мәселен, сол «экономикалық емес фактордың» бірі – тіл. Бізге АЭС салуға келетін, біздегі мамандарды оқытатын ұжым қазақ тілін қаншалықты білуі мүмкін? Тіл мәселесі АЭС құрылысында, оның методикасын оқытуда қандай да бір кедергі туындатпай ма?
— Тіл мәселесі ешқандай кедергі болмайды. Мен өзім қазақ мектебінде оқып, университетте де қазақ тобында оқыдым. Баяғыдағы 60-70 жылдардағыдай проблема жоқ. Қазақ тілінде оқыған мамандар өте көп. Қазақ тобында оқу жүріп жатыр, салаға қатысты қазақ тілінде дипломдық жұмыс жазылып жатыр. Жұмыс орнындағы ереже, тәртіп, құрылым – бәрі де алдымен қазақша, сосын орысша жазылады.
Ал енді реакторлық технологиясын салуға келетін ел болса, біз олармен халықаралық тіл ағылшын тілінде сөйлесуге мәжбүрміз. Ал оны меңгермесек, арнаулы аудармашылар да бар ғой.
— 2017 қыруар қаржы жұмсап, дүркіретіп, Экспо халықаралық көрмесін өткіздік. Оның мақсаты да сол баламалы энергия көзін Қазақстанды дамыту еді. Арада 7 жыл уақыт өтті. Енді қазір неге сол альтернатив энергия көздерінің жемісін көрмей отырмыз? Күн, жел, гидроэнергия, биомасса, геотермалды, гидроэнергия бар ғой, одан бөлек Қазақстанда табиғи газдың қоры да өте көп. Неге осындай хәлге түсіп отырмыз?
— Иә, 2017 жылы «Экспо» халықаралық көрмесін өткіздік. Бағыты – болашақтағы баламалы энергия көздері еді. Шыны керек, Жасыл энергия көзінің біріне атом электр энергиясы да жатады ғой. Бірақ нақты сіз айтқан жел, күн, суға тоқталсақ, мен керісінше бүгінге дейін біраз іс тындырдық деп ойлаймын. Себебі қазір Қазақстанда энергия генерациясының 6,5 пайызы баламалы энергия көздерінен алынады. Болашақта баламалы энергия көзін дамытуға жоспар көп. ҚР Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, 2035 жылға қарай барлық энергия жүйесіндегі баламалы энергия көзінің көлемі 30 пайызға дейін жетеді.
Атом энергетикасы мен баламалы энергия көзін салыстыруға келмейді
Сұрағыңызға нақты жауап берейін. Атом энергетикасы мен баламалы энергия көзін салыстыруға келмейді. Баламалы энергия көздері табиғи күштерге тәуелді. Сондықтан ол базалық энергия көзі деп қарастырылмайды. Базалық энергия көзі – 24 сағат бойы жұмыс істейтін, қалыпты энергияны беретін көз ғой. Қазіргі кезде базалық энергия көзі ретінде көмірмен, мұнаймен, газбен жұмыс істейтін Жылу электр станциялары, гидроэлектр станциялары, атом электр станциялары ғана саналады. Ал осының ішінде Атом электр станциясынан басқасы экологиялық таза көздер емес. Қорыта айтқанда, АЭС-тен басқа альтернатив көрмей отырмын.
— Елдегі жемқорлықтың ушығуы, оның қалыпты құбылысқа айналуы АЭС мәселесінде де көрініп қалып, қарапайым халық зардап шегіп қалмай ма?
— Айтуыңыз орынды. Жемқорлықтың кесірінен қазір халық қатты үрейленіп, әр нәрседен күдіктене бастаған. Бірақ электр станцияларын салатын компаниялар әлемде өте көп емес қой. Олар да ақымақ емес, өзінің халықаралық аренадағы беделін сақтауға тырысады. Компания ертең дұрыс реактор салмаса, қауіпсіздік жағынан кінәрат пайда болса, онда олардың өнімін ешкім сатып алмайды. Сондықтан, алдымен, реактордың дұрыс салынуына мердігердің өзі мүдделі. «Авторлық қадағалау» деген дүние бар. Аталмыш компания бізден де бөлек, өз жобасын жіті бақылап отырады. Екіншіден, өзіміздің Атомдық және энергетикалық комитет те бұған атсалысады, құрылысты толық қадағалайды. Үшіншіден, МАГАТЭ-ні де біліп жатсыздар. Сол Атом агенттігінің сарапшылары АЭС салынған кездегі барлық сатыны қарап, мамандарын бізге жолдап отырады. Олар тіпті «реакторды саламыз» деген әңгімені ести сала, АЭС салынуы мүмкін Балқаш пен Курчатовты тексеруге келіп, осы жерлерде АЭС салуға болатынын айтқан.
— Іссапарда жүрсеңіз де, уақытыңызды қиып, сұрақтарға жауап бергеніңізге көп рақмет!