Алаяққа арбалмаңыз!

Заман ағымына қарай алаяқтық қылмысы сан түрленіп, мың құбылып тұр. Бүгінде нарық пен маркетингті ұршықша игеріп алғандар «аңқау елге арамза молданың» кебін киіп жүр. Алаяқтықтың көбейгенін айтып, азаматтардың наразылығының артқанын ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені елімізде жіліктің майлы басын ұстап, соңынан ергендерді
соқыр сеніммен алдап жүргендердің саны азаяр емес. 
Қазір адамдардың көбі өздері ізденгеннен, еңбектенгеннен гөрі, біреудің айтқанымен жүргенді құп көретін болып кетті. Оның үстіне ақшаны санаулы күннің ішінде бірнеше есе көбейтіп алуға деген «құлшыныс» қарапайым қауіпсіздік шараларын қалтарыста қалдыруда. Қаржы пирамидасы қалай пайда болды?
Алғашқы пирамидаларды құрушылар қатысушыларды «ұзынқұлақ» арқылы тартқан. Мысалы, 1717 жылы Францияда шотландтық Джон Ло құрған «Миссисипийлік» атты компания осы ұйымның акцияларын сатып алған бай француздарға керемет байлық көзі мен шексіз мүмкіндіктер туралы қауесеттер таратқан. Акцияның бастапқы бағасы 500 ливр болған. Франция азаматтары бұл ертегіге сеніп, акцияларды жаппай сатып ала бастайды. 1719 жылы желтоқсанда компания акцияларының бағасы 10,000 ливрден асып түседі. Халық бүкіл дүние-мүлкін сатып, акциялар сатып алу үшін қарызға батады. Барлығы табысқа кенелудің жеңіл көзін таптық деп ойлайды. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін акционерлер бағаның шамадан тыс шарықтатылғанын түсінеді де, акцияның бағасы сол жоғары қалпында тұрғанда оларды дереу сату туралы шешім қабылдайды. Бір акцияның бағасы 10 мың ливрдан 1000 ливрге дейін төмендейді. Содан кейін акциялар құнсызданып, адамдар соңғы тиынына дейін айырылады.
Адамзат тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы (ғасыр пирамидасы) 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ұйымдастырды. Оның 40 жылдық қаржылық іс-әрекетінен 3 миллион адам зардап шекті және 50 миллиард доллар қаржы үшті-күйлі жоқ болып кетті. ХХ ғасырдың басында осыған ұқсас әдісті италиялық иммигрант Чарльз Понци АҚШ-та сәтті қолданды. Ол Бостонда Понци арбитраждық мәмілелермен айналысатын «Бағалы қағаздармен алмасу компаниясы» атты кәсіпорнын тіркейді. Понци салымшыларға 90 күн ішінде 50 пайыз үстеме ақыға уәде береді. Бұл сол кездегі 5 пайыздық жылдық мөлшерлемеден 200 есе көп болған. Италиялық баспасөздегі тапсырыспен жазылған мақалалар арқылы қоғамдық сананы шебер басқарып, өзінің кәсіпорнына деген қызығушылығын оятады. Іс жүзінде оның компаниясының салымшыларына төлемдер төлеу жаңа қатысушылар есебінен жүзеге асырылды. Бұл – қаржы пирамидасының басты және айқын белгілерінің бірі.
Саналы адамзат куә болған әлемнің әр түкпіріндегі түрлі-түсті және үлкенді-кішілі қаржы пирамидаларының ішіндегі гүлденудің шырқау биігіне көтеріліп үлгерген және күйрей отырып миллиондаған адамдардың тағдырын күйзелткен азамат С.Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ қаржы пирамидасы еді. «МММ»-нің қаржылық іс-әрекетінен әртүрлі есептеулер бойынша 10-15 миллион салымшы жапа шекті. 50 адам өзіне өзі қол жұмсап өмірлерімен қоштасты. Түйін «Аспаннан ақша жаумайтынын» ескерсеңіз, жерде батпан құйрық жатпайды. Қазақта «Көпті алдаған, түбінде өкінеді» деген бар. Осыны естен шығармайық!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *