Жолдауға үн қосамыз. Ұлттық қор -балаларға

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауы бүгінгі қоғамның бірқатар өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Ұлт байлығынан балалардың болашағы үшін үлес бөлетін идея ә дегеннен әлеуметтің қолдауына ие болып, көпшілік бұл жаңалықты қуана қабылдады. Сондықтан Президент өзі бас болып, қолға алған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан зор үміт күтеміз. Аталған бастама бойынша бала іңгәлап дүниеге келгеннен бастап оның атына қаржы аударыла бастайды. Бұл қаржы 18 жасқа толғанша жинақталып, балалардың болашағына жолдама беруі үшін баспана алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл ретте бір мақсаттың «білім алу» деп белгіленгені өте маңызды. Өйткені балаларын оқуға түсіре алмай қиналып қалатын ата-аналар баршылық. Әсіресе көпбалалы отбасылар барлық баласын түгел қамтамасыз етуге жағдайы жете бермейді. Бүгінде қосымша білімсіз, репетитордың көмегінсіз білім грантына қол жеткізу өте қиын. Ал арнайы репетитор жалдап, балаларының дайындығын күшейтуге көпбалалы ата-аналардың қалтасы көтермей жатады. Осындай бала-шағасы көп отбасы көбіне әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына кіреді. Олар үшін әлеуметтік бағдарламалардың септігі мол.
Сондықтан да «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы пайда болғанда, ең алдымен, осы көпбалалы отбасылар үшін қуанып отырмын. Бұл ретте қордың табысын арттыратын іс-шаралар да мықтап қолға алынатын шығар деп ойлаймын. Бұған табысын жасыратын кәсіпкерлер де ашықтыққа көшіп, балалардың қамы үшін көмек етуі керек. Сонымен қатар болашақта «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жиналған қаражаттың балалардың еміне жұмсауға мүмкіндік берілсе екен деген тілегіміз бар. Себебі балаларының еміне ақша жеткізе алмай, көпшіліктен жылу жинап жүргендер әлі де көп. Мұндай көмекке мұқтаждардың барлығына «Қазақстан халқына» қоры жеткілікті деңгейде қол ұшын соза алмай отыр. Осы орайда ауыр дертке ұшыраған және мүгедектігі бар балалардың еміне қажет қаражат мәселесін қаперге алған жөн.

Мерей Нұрланұлы АСАНОВ,
4 курс студенті,
бидайық ауылының белсенді жасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *