Қулықтың құрбаны болма!

Қарапайым халықты бірнеше секундтың ішінде «экшн» жарнамасымен баурап, оңай олжаға айналдырған алақтар азамай тұр. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, оңай ақшаны көздеп жүрген алаяқтар саны көп қазір.
Соңғы кездері «кезексіз пәтер алып беремін», «сіз ұтысқа ие болдыңыз», «ақшаңды екі еселендір» деген сынды уәдені үйіп-төгетін алаяқтар өзінің құрбанын оңай қақпанға түсіреді. Онсыз да қажып жүрген кейбір жандар мұндай батпанқұйрықтан қалай бас тартсын?! Тіпті бәзбіреулер әлгі аяқтарға еш ойланбай сұраған қаражатын ұстата салады. Сақ болмасақ, айналамызда олар өріп жүр.
Алаяқтардың түрі өте көп. Олардың ішінде электрондық пошта, лотореялық, жарнамалық түрі кең тарағаны. Бұл амалдар арқылы алаяқ аңқау адамдарды құрығына түсіріп, атынан кредит рәсімдеп немесе банк картасындағы қаржысын қалтасына басады. Олар алдау үшін түрлі айла-тәсілдер қолданады. Ығына жығылған жанның қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес. Олардың торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін.
Алданғандардың сөзін естісек, сенуге тұрарлық дүние еместей көрінеді. Әйтсе де олардың да өз жоспары, ойлаған «құрығы» болады.
Технология қаншалықты дамығанымен интернет алаяқтарды құрықтау қиынға соғады. ІТ саланы меңгерген алаяқ болса, оны анықтау тіпті қиын. Қазіргі заман ағымында кез келген адам сайт, қолданбалы желі аша алады. Неліктен және қандай мақсатпен ашатыны ешкімді алаңдатып жатпайды. Сондықтан, сақтансаң сақтайды демекші, назарларыңызға бірқатар сақтық шараларын
ұсынамыз.
Ең бірінші кезекте естеріңізде болсын, ешбір банк немесе құқық қорғау органдары телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді. Қоңырау шалу арқылы ақпарат немесе код сұрамайды. Ал егер расында қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда банк қызметкері сізді бөлімшеге келуді өтінуі қажет болады. Қандайда бір дербес деректер, пластикалық карталардың нөмірін, аударымдар туралы түбіртек, әсіресе кодтар мен кодтық сөздерді, тіпті банк, полиция қызметкерлері және тағы да басқа өкілдік ететін адамдарға бермеуге құқылысыз. Сондықтан кім көрінген адамға, беталды құпия кодтарды айтпағаныңыз абзал. 
Белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа жерлерге өз деректеріңізді жазбаңыз. Қазір ватцап чаттарға түрлі хабарламалар келеді. Ұтысқа қатысыңыз, бірнеше адамға таратсаңыз, сізге ақша түседі деген мазмұндағы сайттардың дені – жалған. Ұтысты аудару үшін карта номерін енгізіңіз деп сіз туралы барлық мәліметтерді осылайша оп-оңай алады. Бөтен, бейтаныс контактілерден немесе спам-жіберілімдерде төлем жасауға немесе ұстауға бағытталған сілтемелер бойынша өтпеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем үшін фишингтік сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Шоттарыңыздағы ақшаның қозғалысын жиі тексеріп отырыңыз.

Ділназ ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Қарағанды Е.А.Бөкетов атындағы
университетінің студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *