Жемқорлық — жегі құрт

Президент үнемі жемқорлыққа қатысты мәселелерге өте қатаң жаза қолданып, аяушылыққа жол бермеу керектігін атап, онымен қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтуда.
Жалпы, егеменді ел болып, есімізді жинағалы қоғамымыз осы дертпен күресуде. Жемқорлық — жегі құрттың тура өзіне айналды.
Адам өлтіру ауыр қылмыс болса, ең сорақысы осы жемқорлық. Осының кесірінен көптеген елдер батпаққа батқан көліктей, не алға жылжуға, не кері айналып өтуге еш мұршасы жоқ.
Жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттерге өте қатаң шаралар қолданылуы керек. Оның жазасы ауыр, еш аяушылық болмауы тиіс. Қандай шенеунік, дөкей болмасын, жемқорлыққа қатысы бар әр азамат өте қатал жазасын алуы керек. Бұл жерде заңның күші мықты болуы шарт. 
Тек тәртіп бар жерде ғана жарқын болашақ қалыптасатындықтан, ол заңмен реттелуі керек. Жемқор нағыз қылмыскер. Өз пайдасын халық мүддесінен жоғары қойған адамнан еш нәрсе өңбейді.
Жемқорлықтың көптеген көріністері бар. Оны тізбелеп отыру да қажет-ақ. Жемқорлық – ата-бабаларымыздан мұра болып келген дүние емес. Бұл халқымыздың табиғатына жат нәрсе болғандықтан, оны жеңу, тамырымен жою – міндет. Біз қанша уақытты құр бос өткізіп алдық, осы уақытта жемқорлық тамырын жайып үлгерді, бұл кеселді қанша азаматтарымыз отбасымен бірге жұқтырып та үлгерді. 
Дегенмен, қандай ауру болмасын, оны емдеуге болады. Қажет болса күштеп емдету керек. Қаншама ақын-жазушыларымыз «жарқын болашақ» жайлы ұрандатып, үміт етуде. Оған қол жеткізудің жолы – жемқорлықты жою.
Бізге айға ұшудың, дамыған ел боламыз деп шетелдің ұстанымдарын ендірудің әзірге еш қажеті жоқ. Алдымен, бізде өршіп тұрған жемқорлықты ауыздықтау. Осыны орындасақ қана көркейеміз. Және бұл ғажайып нәрсе емес, бұл қарапайым заңдылық.

Мұрат ИБРАЕВ,
аудан әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *