Жемқорлық түбі — қорлық

Дана халқымыздың «Ұрлық түбі –қорлық» деген мақалының мағынасы тікелей сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Себебі осы дерттің түбі қорлыққа алып келеді. Яғни өз өміріне, болшағына балта шабу деген сөз. Бұл дерттен арылу мақсатында түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сақтық шаралар іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған індеттің бірі. Бұл індет біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекет әр салада жүзеге асырылуда. Алайда күнделікті өмірде халық әсіресе парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келуде. Ал осының алдын алу үшін кез келген ортада пара беру мен алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Осы және басқа өзекті мәселер дөңгелек үстел барысында талқыланып, мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырған жөн деген ортақ шешім қабылданды.
Бұл мәдениетті отбасында, оқу орындарында, еңбек ұжымында бойына сіңіріп, арнайы сабақтар өткізіп, басынан тәрбиелеу аса қажет. Жастарды да әр ұжымда әрдайым жемқорлыққа төзбеушілікке бағыттап, жұмыс жүргізу керек. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баратын тұлғалардың ақыр түбінде тұтылатынын әрбір азамат түсінуі тиіс.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Осы бір түсінікті қоғам санасына сіндіріп, иммунитет қалыптастыру міндет. Осы жолда бірге әрекет етейік, бірге күресейік.

Мұрат Ибраев,
аудан әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *