Медицина қызметкерлері күніне орай. Менің анам ақ халатты абзал жан

 

Бәріміз білетіндей, маусымның әр үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Түн ұйқысын төрт бөліп, әр адамның өмірі үшін күрес жүргізетін майталмандарымыздың ерең еңбегінің өлшеуі шексіз. Осы себепті де медицина қызметкерлерін “жаңа заман қаһармандары” деп атауға болады.
Біздің жергілікті ауруханамызда қазіргі таңда ауданымыздың денсаулығына жауап беретін көптеген қызметкерлер жұмыс атқарады. Солардың ішінде, осы атаулы мерекеде, хирургия бөлімінің медбикесі әрі менің анам — Қарлығаш Бөгдеқызы Имантүсіповаға ерекше назар салғым келеді.
«Медицинаға деген махаббат менде бала кезден бастап оянған» деп атап өтеді Қарлығаш ханым. Дәрігер анасының тәлім-тәрбиесін ала келе, өзінің өмірін де осы іспен жалғастырмақшы болған Қарлығаш 1990 жылы сол уақыттағы Қарағанды қаласының медициналық училищесіне оқуға түседі. 1992 жылы оқуын сәтті тәмәмдап, сол жылдың тамыз айында қазіргі Жаңаарқа ауданының орталық ауруханасына жұмысқа тұрады. Ал биыл, осы аурухана қабырғасында науқастарының ілтипаты мен алғысына бөленіп келе жатқанына 32 жыл толды. «Өзінің жылы пейілімен әрі біліктілігімен Қарлығаш Бөгдеқызы мені өзіне баурап алды, әрі денсаулығымның жақсаруына үлкен септігін тигізді»-деп науқастары Қарлығаш ханымға өздерінің алғыстарын жаудыруда.
Үйде менің қамқоршым, ал түзде науқастардың қамқоршысына айналған анама әрі барлық медицина қызметкерлеріне жұмыстарына сәттілік, ал өмірлеріне шаттық тілеймін. Ақ халатын кіршіксіз ұстап, міндетін абыроймен атқарып жүрген анама ерекше құрмет білдіремін.

Айкүнім ЖАНЫСҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *