Кәсібін көркейткен жас маман.

Қазір кәсіп бастаймын дегенге көрсетілер қолдау көп. Тек қаржының көзіне айналар хоббиің болса, жеткілікті. Бұл жағынан жастар алдыңғы буынға қарағанда алға озғанын мойындау керек. Наурыз айында ауданымызда «Talisman» фото студиясы  ашылғанын жақсы білеміз.
Араға үш ай салып, нысанның жұмыс ауанымен танысқалы барғанымызда, көптеген жаңалықтарға куә болдық. Фотостудияның директоры Таңнұр Ерболатқызы Әубәкірова бала күтімі бойынша уақытша демалыста болғандықтан, барлық жұмысты жолдасы Мадияр Аманкелдіұлы Ерубаев атқарып жүр екен. Сұрақтарымызға да осы кісіден жауап алдық.
Мадияр денсаулығындағы кінәратын жұмыс жасауға кедергі деп есептемейді. Әрі отбасылы болып, әке атанған соң, ер-азамат өзінің мойынындағы жауапкершілікті көтере білуі тиіс деп есептейді.
Кәсіп бастауды ойына алған Мадияр алғашқыда ауданымызда жоқ, тың дүние әкелгісі келеді. Нәтижесінде осы фотостудияны ашуға тоқталады. Бүгінде жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған қайтарымсыз гранттар көп. Тек ойыңыз нақты, ұсынысыңыз дәлелді болса жеткілікті. Осы мүмкіндікті қолданған жас отбасы студияны бизнес планға түсіріп, аудан әкімінің грантына үміткер болады. Жобаны комиссия мүшелері бірден мақұлдайды.
-Фотостудиямыз ашылған бетте екі аумақ (зона) қана болған еді. Қазір санын төртке жеткіздік. Яғни, этностильдегі, ұлттық нақыштағы зона және клиенттердің таңдауына қарай ақ, жасыл, қара фондар бар. Бастапқыда кәсіпті аудан әкімінен берілген миллион теңге қаражатына бастасақ, бүгінгі таңда студияда 4 жарым млн теңгенің құрал-жабдығы тұр.Зоналарда фотосессия жасауға және сұхбат алуға болады. Ол үшін бізде микрофон, штатив барлық керек-жарақ бар,-дейді Мадияр. Нысан «фотостудия»деп аталғанымен, қызмет көрсету аясы өте кең. Мысалы жас кәсіпкер қосымша трендтегі тафтинг тәсілімен заманауи үрдісте кілемшелер тоқып, сұранысқа сай сапалы дүниелерді жасап жүр. Кілем тоқу ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер екені белгілі. Бұрын қабырғаға іліп, еденге төсеп, үйдің жылуын сақтау үшін пайдаланса, кейін сәндік бұйымға айналды. Ал кейіпкеріміз бүгінде тафтинг әдісімен кілем тоқумен айналысуда.Ағылшынша «tuft» сөзі «түйін» деп аударылады. Бұл өндіріс технологиясының мәнін көрсетеді. Олар бір жіппен тоқымайды, түйінделген шоқтармен толтырылады.Тафтинг әдісіндегі кілемдер табиғи жіптермен бірге синтетикалық жасанды талшықтар, жүн тәріздес жіптер, химиялық қабыршық жіптер арқылы тоқылады.
-Кілемшенің биіктігі 1 метр, ені 110 см болады. Осы формада кез келген бейнені тоқып шығарамыз. Оны қабырғаға іліп, еденге төсесе де болады. Жайнамаз, балаларына арнап сүйікті мультфильм кейіпкерлерін, көліктің алдыңғы екі орындығына көрпеше жасап, тұтынушылар өздеріне немесе сыйға тартып жақындарын қуантып жатыр. Кружкаларға да түрлі бейнелерді бастырып береміз.Ол бір жағынан әдемі көрінсе, бір жағынан балаларға ермек ретінде арнайы бояп ойнайтын етіп те жасап бере аламыз. Мысалы, кружкаға ақ және қара түспен бір бейнені салсақ, балаңыз ол суретті әр түрлі түске бояй алады.
Сондай-ақ, футболкаларға, бейсболкаларға жазу жазамыз, сурет басамыз. Бейсболка және футболка барлық размерде өзімізде бар. Клиенттердің сұранысына қарай, кез келген күрделі тапсырыстарды қабылдаймыз. Баға қалаға қарағанда әрине қолжетімді. Қағаздан әрі полиэтелиннен жасалған пакеттерге түрлі суреттер, логотиптер жапсырамыз. 
Төмен бағада 3*4 фотоны кез келген фонмен, әртүрлі формамен жасап, шығарып береміз. Ксерокопия жасау қызметін де көрсетеміз.
Бейне бастыруда немесе жазу жазуда дтф және шелкография тәсілдерін қолданамыз. Шелкография арқылы жасалған таңбалар кетпейді, сапалы. Ал, дтф жолымен жасалса, тек ақ пен қара түс қолданамыз. Оның пленкасы матаны 50 рет жууға дейін жарап береді,- дейді жас кәсіпкер сөзінде.
Кәсібін одан әрі кеңейту жолында болашақта жоспар көп. Енді Мадияр өзі грантқа қатысып, бағын сынамақ. Фотостудияда Дариға Аянқызы Сағынтаева әмбебап қызметкер. Қазір барлығы технологияға байланған заман. Сондықтан, кәсіп иесі қызметкерін осы жұмыстың қыр-сырына арнайы Астанаға барып оқытып әкеліпті. Дариғаның негізгі мамандығы бағдарламашы болғаны да, бұл мамандықты жедел игеріп әкетуіне пайдасын тигізгені анық. Студияның барлық жұмысына жауапты болғандықтан Дариға тапсырысты да қабылдайды, дизайнды да жасайды, кілемшелерде тоқиды, қажет болса фотограф қызметін де атқара береді. Жұмысына лайықты жалақысын, үстінен пайызы кедергісіз төленіп отыр. Ауданымызға өзгеше дүние әкеліп, сапалы дүние ұсынып отырған жас кәсіпкер жұмысына риза болып қалдық. Студияның ісіне кең өріс, кедергісіз өрлеу тілейміз! Іске сәт!

Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *