Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас.

Болашақтың баяны үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың есімі әрқашан елге елеулі. Осыдан екі жыл бұрын болған «Қаралы қаңтар» оқиғасында ойран салған
бүлікшілерді құрықтау кезінде қаза тапқан жас сарбаз Айбат Амановтың есімі әрдайым ел жадында. Қаңтардың қақыраған аязында келіп жеткен қаралы хабар қабырғаны қайыстырғанмен, батырдың асқақ рухы мен бекзат болмысы жұрт жүрегінде жатталып қалды.
ҚР Ұлттық Ұланының қызметкері, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, бокстан жасөспірімдер арасында өткен облыстық, республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы Айбат Ерболұлы Амановқа өзі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды.
Айбат батырды халық жадында мәңгі сақтап, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында жасалған игі шараға өзі борышын өтеген Талдықорған қаласында орналасқан ҚР Ұлттық Ұланы 5514 әскери бөлімінен, Елордамыз Астана қаласынан ҚР ҚР Ұлттық Ұланның бас қолбасшылығы және Қарағанды қаласындағы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы мен 6505 әскери бөлімінен қонақтар келді. Сондай-ақ, салтанатты жиынға аудан басшылығы, туған-туыстары, аудан тұрғындары қатысты.


Мемориалдық тақтаның ашу рәсімін аудандық мәслихат хатшысы Юржан Асанұлы Бекқожин мен ҚР Ұлттық Ұланының бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат ЖарылқасынұлыҮмбетов өткізді. 
Жиналған көпшілік Айбат Амановты бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Қарағанды қаласынан арнайы келген әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік әнұран орындалған соң, Юржан Асанұлы мен Қайрат Жарылқасынұлына сөз берілді. Лауазымды тұлғалар сөздерінде Айбаттың ерлігін бүгінгі жастарға насихаттау мақсатында жасалатын шаралар әлі де атқарыла беретінін және ол үшін барлық көмек жасалатынын тілге тиек етті. Генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлы Айбаттың отбасына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық Ұланының Бас қолбасшысы Еркін Советбекұлы Ботақановтың арнайы сәлемдемесін жеткізіп, сый-сияпатын табыс етті.
ҚР Ұлттық Ұланының үздік қызметкері, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Бейсекбеков сөз алып, игі шараға тілектесігін білдірді.
Шара Айбат оқыған А.Сейдімбек атындағы мектеп алаңында ескерткіш тақтатасты ашу рәсімімен жалғасты. Алдында аты аталған құрметті қонақтар сол құраммен салтанатты жиынға қатысып, хас батырдың ерлігі әрдайым жас ұрпаққа үлгі екенін, ер есімінің ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Батырлық пен өрліктің үлгісі болып табылатын Айбат батырдың рухына құрмет ретінде орнатылған тақтатасқа гүл шоқтары қойылды. Айбаттың ерлігін паш ету үшін жүзеге асқан істер бұл ғана болған жоқ.
Жиналған қауым А.Сейдімбек атындағы мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні сыныбының Айбат Амановтың есімімен аталуына куә болды. Айбаттың алғашқы сынып жетекшісі Айман Қаратайқызы Омарова Айбаттың балалық шағынан естеліктер айтса, әскерде бірге қызметте болған Ержан Бекежанұлы Аманжолов та жас батырдың өмірінен деректер келтіріп өтті.
Осы күнгі шаралар легі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды. ҚР Ұлттық Ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов пен А.Сейдімбек атындағы ЖББМ директоры Бақыт Аманбайқызы Қайырова маңызды құжатқа қол қойды.
Дәл осы күні Айбат Амановтың атында бокстан облыстық турнир бастау алды. Айбаттың ізін жалғастырушы былғары қолғап шеберлері үш күн бойы жарысқа түсетін болады. Осылайша қоғам тыныштығын күзетуде қыршын кеткен боздақтың рухы Жаңаарқа төрінде тағы бір шарықтады. Ерлікті ұлықтайтын шаралар үнемі жалғасты болады. Себебі, ерін елі де, жері де ұмытпайды!

Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *