Алаяққа алданба — заңдылықты сақта!

Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, кім білсін, әйтеуір, соңғы кездері алаяқтық асқынып барады. Мұның өзі: «Адалдықтың ала жібін аттама», дейтін адамгершілік тәрбиенің тіні тарқатылып бара ма деген ойға жетелейді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», дейтін қазақы қасиет те бәсін жоғалтқандай. Алаяқтық дегеніміз – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.
Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз.
Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдарға қандай жаза түрлері қарастырылған? Мұндай қылмыс түрін жасаған адамның мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Зайырлы қоғам құрып жатқан елімізде бәрін заң аясында шешуге болатынын ұмытпаған жөн. Алаяқтарға алданып қалмаудың басты амалы да осы заңдылықты сақтау болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *