Футбол ардагерлері ойын өрнегін көрсетті.
1 мамыр күні Жаңаарқа кентіндегі орталық стадионда Жаңаарқа футбол ардагерлері Кеңесінің ұйымдастыруымен аудан футболының құрама командасында ойнап ауданымыздың намысын қорғап облыстық, республикалық, одақтық жарыстарға қатысып жеңімпаз әрі жүлдегер болған бір топ азаматтарымыздың 60 және 70 жасқа толуына арналған футбол турнирі өтті.
Футбол турнирін аудан әкімі Қанат Шубайұлы Қожықаев ашып 70 жасқа толған футбол ардагері Константин Оборонконы, 60 жасқа келген Даулет Мұқашевты, Бақтыбай Жүнісовты, Ерғали Беспаевты, Қаныш Әлмағанбетовты, Саламат Оспановты және Бейсенғали Өкімовты мерейтойларымен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Одан кейін сөз алған ауданымыздың ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейбіт Байбосынұлы Қасенов және аудан футбол ардагерлері кеңесінің төрағасы «ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері», полиция полковнигі Ерік Зейнуллаұлы Қуанышбеков жоғарыда аталған аудан футбол ардагерлерін құттықтап арнайы сыйлықтарын тапсырды.
Ауданымыздан шыққан тұңғыш кәсіпқой футболшы Мәскеудің «Динамо» футбол командасының түлегі, Қарағандының «Шахтер» және Жезқазғанның » Джезказганец» футбол командаларында ойнаған Константин Оборонконың иығына шапан жабылып, арнайы грамотамен марапаттады.
Жоғарыда аталған турнирдің ашылу салтанатының алдында Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған қаласынан келген бір топ футбол ардагерлері аудан футболының ақсақалы Әбетбай Майшин ағаларына амандасып, батасын алып қайтты. Ардагерлер арасында өткен ойын тартысты өтіп жеңімпаз команда 11 метрлік пенальти арқылы анықталды.
Ардагерлер арасында қарсыластар командасына доп соғып жақсы ойын өрнегімен ерекше көзге түскен ойыншылар Лұқман Мұхаметжанов, Ерғали Беспаев, Даулет Мұқашев, Айдос Аманжолов, Ербол Ахмедин, Елбол Аяпбергенов, Талғат Мұқажанов. Қақпашылар Қанат Еленбаев пен Талғат Майшин үздік ойын көрсетіп көрермендердің көңілінен шықты. Ойын соңында жүлдегерлер арнайы медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Алдағы уақытта да жыл сайын 1 мамырда аудан футбол ардагерлері осы дәстүрді жалғастырып футбол маусымының ашылу турнирінің алдында өз кездесулерін өткізе бермек.
Айдын ҚҰРМАШЕВ,
Жаңаарқаның футбол жанашыры, футбол ардагерлер мүшесі