Алаштың ардақты перзентіне ескерткіш орнатылды

10 мамыр күні белгілі жазушы, зерттеуші, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Ақселеу Сланұлы Сейдімбекке ескерткіш орнатылды.
Шоқтығы биік игі шараға елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері, Ақселеу Сланұлының құрдастары, сыйласқан көзкөрген тұлғалар, туған-туысқандары, жақындары, Ұлытау облысы және Жаңаарқа ауданы басшылары қатысты.
Салтанатты түрде еңселі ескерткіштің жабуы ашылғаннан кейін қуанышқа ортақ болып келген айтулы тұлғалар сөз алды. Алдымен аудан әкімі Қанат Қожықаев сөз бастап, әрі қарай жазушы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадірбек Сегізбаев, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері Бексұлтан Нүржекеев, «Құрмет» орденінің және бірнеше мемлекеттік, халықаралық сыйлықтар мен марапаттардың иегері, ҚР Парламент мәжілісінің 5-ші шақырылым депутаты Оразкүл Асанғазы, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетінің профессоры, жазушы, абайтанушы, алаштанушы,
ғалым Тұрсын Жұтбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ҚР Журналистер академиясының академигі, Нұртөре Жүсіп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, ҚР Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтаев, күйші, ҚР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері», «Ерең еңбегі» медалінің иегері Мұхамеджан Тілеухановтар қоштады.
Ақселеу Сейдімбектің туған елінде жүзеге асқан игі істің мәні мен маңызын айқындап, келелі іске қуаныштарын білдірісті. Ақкеңнің достары мен әріптестері бірге жүрген күндерден естеліктер айтты.

 

 

Ескерткіштің жалпы биіктігі 3,9 метр, мүсіннің биіктігі 2,2 метр. Астындағы тұғыры 1,7 м., тұғырдың көлемі 2,8*2,65 метр. Мүсін авторы – елімізге белгілі мүсінші, «DÉCOR GROUP ASTANA» ЖШС директоры Азамат Талапханның және Табысбек Толқынның, Жолдас Ершаттың еңбегіне айтылар алғыс мол. Болмысы бөлек тұлғамыздың бет-бейнесін айна қатесіз түсіре білген. Мүсін қоладан құйылған, қоңыр түсті. Астындағы тұғыры бүтіндей қоңыр граниттан шабылып, жасалған. Ескерткішті Ақселеу Сланұлының балалары орнатты.
Шара соңында жиналған қауым Ақселеу биігіне барып, құран бағыштады. Арқадан шыққан дара болмысты Ақкеңнің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегін ұмытпау үшін ескерткішті тұғырға қондыру біз үшін қажет дүние. Жиналған қауым осы жауапты істі абыроймен атқарған Ақселеу ағаның ұрпақтарына, Ақселеуін құрметтеген Жаңаарқа халқына ризашылық айтты.

Салтанат БАЛТАБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *