Сот кабинеті – тиімді әдіс

Сот кабинеті — бұл Қазақстан Республикасы соттарының сервистеріне электрондық түрде қол жеткізудің бірыңғай терезесі. Қызмет азаматтық және қылмыстық істер бойынша электрондық өтініштер, өтініштер мен шағымдар беруге арналған. Сот кабинетінде тіркелген және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде сот істері мен материалдары бойынша өтініш жіберу және ақпарат алу үшін Сот кабинетінің қызметтерін пайдаланатын кез келген жеке немесе заңды тұлға «Сот кабинетінің» пайдаланушысы бола алады.
Соттар өздерінің күнделікті тәжірибесінде IT-технологиялар мен Интернет-ресурстардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Жаңа технологиялар сот ісін жүргізу уақытын үнемдейді және соттардың жұмыс сапасын арттырады.
Судьялардың VIІ съезінде сот төрелігін сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету, сот қызметінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын іске асыру мақсатында электронды ресурстарды пайдалану туралы тапсырма берілді. Еліміздің сот органдары ақпараттық жүйелер мен оларды пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Сот жүйесінің сот ісін жүргізу жеделдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етудегі аса маңызды қадамдарының бірі «Сот кабинеті» электронды жобасын енгізу болды.
Осы жүйе арқылы азамат, оның өкілі немесе адвокат өзіне ыңғайлы кез келген уақытта үйден, кеңседен шықпай-ақ Интернет арқылы сот органдарына жүгіне алады. «Сот кабинеті» арқылы арыздарды, шағымдар мен өтініштерді электронды түрде дайындауға және жіберуге, мемлекеттік бажды онлайн төлеу сияқты операцияларды орындауға, сот құжаттарын қарауға, сақтауға және жүктеуге, талап арыз туралы ақпаратты, істі қарау барысының динамикасын, бейнематериалдарды қарауға, сондай-ақ апелляциялық шағым/жеке шағым, сот актісін қадағалау тәртібімен қайта қарау туралы өтініш, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы өтініш, сырттай шешімнің күшін жою туралы өтініш, сот бұйрығының күшін жою туралы өтініш жолдауға болады.
Сондай-ақ, iOS, Android және ІPhone мобильді платформаларында «Сот кабинеті» мобильді қосымшасы бар. Жаңа қызмет іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың іс құжаттарымен танысуға, өздерінің іс жүргізу құқықтарын іске асыруын едәуір жеңілдетуге, сот құжаттарын зерделеуге жұмсалатын уақыт пен қаражат шығындарын қысқартуға арналғанын атап өту қажет.
Электронды қызмет шеңберінде қатысушылардың сот құжаттарына онлайн режимінде қол жеткізілуі, іс бойынша процесті толық көлемде мониторингілеу мүмкіндігі — сот ісін жүргізу процесінің ашықтығын арттырады. Бұл ретте пайдаланушыларға сот актісін басып шығаруға мүмкіндік беріледі.
Сервистегі электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға және жүктеуге болады. Сот процесіне қатысушыларға жедел хабарлау үшін судьяның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған сот актілерін шығару туралы SMS-хабарламалар жіберіледі.
Сонымен қатар, сервис пошта хабарламаларын жіберуден бас тартып, сот кеңселерінің қызметкерлеріне барлық электронды хабарламаларды қадағалауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ақпараттық сервис азаматтар мен ұйымдардың сот органдарымен электронды өзара іс-қимылын оңтайландырады және жетілдіреді.
Жоғары технологияларды енгізу өз алдына мақсат емес, олар қазіргі заманғы сот төрелігінің атрибуттары болуы тиіс — мобильділік, ашықтық және барлығына
қолжетімділік.

Ляйла СҮЙМЕНБАЕВА,
Жаңаарқа аудандық сотының кеңсе бас маманы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *