Жемқорлық жойылмай ел табысты дами алмайды

Тәуелсіз Қазақстан өзінің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде ынсапсыз алаяқтарды аластап, қоғамды жат тоғышар әдеттен тазарту міндетін қарастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер етіп, әлеуметтікэкономикалық даму үдерісін баяулатады, сайып келгенде, елдің даму болашағына үлкен қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық қана емес, ол – мемлекет беделіне деген халықтың сеніміне селкеу түсіретін және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Жемқорлық жойылмай, ешбір ел табысты дами алмайды. Сол себепті әлемнің барлық мемлекеттері жұлынқұрт секілді бұл қоғамдық індетке қатты алаңдаушылық білдіріп отыр. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі мемлекет беделіне нұқсан келтіретін зұлымдықпен ымырасыз күресу болып табылады. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, бұл дерттің одан әрі асқынбауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен пәрменді күресу жолында, сөз жоқ, тұрғындар арасында ақпараттық-құқықтық түсіндіру, жалпы құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды рөл атқарады. Әрбір азамат өзінің құқықтарын меңгеріп қана қоймай, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда нақты не істеу керектігін толық білуі қажет. Бұл орайда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарымен бірге, жаңа орта қалыптастыру да өз үлесін қоса алады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бағытындағы шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мемлекеттік органдардың ресми интернет ресурстарында үнемі жарияланады. Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Әлбетте, осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істер аудан тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.

Мұрат Ибраев,
аудан әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *