Еңбек адамы — ел мақтанышы

Жетпісбай Жұмаділдаұлы Ахметов

Жетпісбай Жұмаділдаұлы 1959 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесінен жастай айрылған Жетпісбайды анасы мен алдындағы ағалары тәрбиелеп, еңбекке баулып өсірген. 1977 жылы Атасу ауылындағы 10 жылдық мектебінде оқып жүріп, әртүрлі жұмыстар істеген. Әскери борышын өтеп, әрі қарай алғаш совхозда отжағушы, малшы болып еңбек етті. Кейіннен ГАЗ-53 автокөлігінің жүргізушісіне ауысып, совхоз тарағанға дейін тапжылмай адал қызмет етті. Ел Тәуелсіздігін алып, жекешелендіру басталған тұстары Жетпіс ағамыз қол қусырып қарап қалмай, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосу үшін «Ақбаз» шаруа қожалығын құрған. Бүгінде мал бастарын өсіріп, шөбін шауып, шаруашылығын ширатып отырған Жетпісбай ағамыз жастарға өнеге, ауыз толтырып айтатын нағыз еңбектің адамы. Ертеректе шаруашылықта егін де еккен болатын, кейінгі жылдары ауа-райының қолайсыздығына, яғни, егістікке нағыз қажетті уақыттарда жауын шашынның мөлшері аз болуына орай егін салу шаруашылыққа тиімсіз болып қалған. Есесіне ет, сүт өнімдерін қалаға саудаласа, шаруашылығынан артылған артық шөпті ауылдастарына төмен бағамен ұсынуда. Жетпісбай ағамыз зейнеткерлікте болса да, әлі күнге дейін трактор айдап көпшілікке қолғабыстық жасаудан да еш шаршамайды. Соның бәрін ауылдастары жақсы біледі, өте құрметтейді. Ауыл шаруашылығының дамуына қосқан сүбелі үлесі мен ауылдың барлық қоғамдық істеріне белсене араласқаны үшін бірнеше мәрте ауыл, аудан әкімдерінің мадақтама, алғыс хаттарымен марапатталған. Отбасында тұңғыштары Әсел мен ұлдың үлкені Тоқтар отбасын құрып, мамандықтары бойынша елге қызмет етуде.Үйдің кенжесі Мұхтар, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның үшінші курс студенті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *