МЕДСАҚТАНДЫРУ ФИЛИАЛЫ ЕСЕП БЕРДІ

Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Әсет Аманжоловтың төрағалығымен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлытау облысы бойынша филиалының халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Жаңаарқа кенті мен Ералиев селолық округінде ұйымдастырылған жиынға Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев, көп салалы орталық аурухананың директоры Нұрхат Аукешов қатысты.
Өз баяндамасында Филиал директоры Әліібек Бердібеков міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қандай артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Бүгінде сақтандырылған азаматтарға медициналық кәсіби тексерулер, жоғары мамандандырылған дәрігерлердің қабылдауы мен консультациясы, бейінді мамандардың созылмалы ауруларды динамикалық бақылауы, пациенттердің жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек, диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ) , мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайдағы медициналық көмек, медициналық оңалту, стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық жағдайларда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қолжетімді. Бұл мәртебесі жоқ азаматтар медициналық көмектен қағылады деген сөз емес. Мұндай санаттағылар тегін медициналық кепілдендірілген көлемі пакеті шеңберінде қызмет ала алады.

Қазақстандықтардың өміріне 3 жыл бұрын енген МӘМС жүйесінің толыққанды жүзеге асуына әлі де кедергілер бар. Оның ішіндегі ең ауқымдысы – сақтандырылмаған тұрғындардың көптігі. Өкінішке қарай, Ұлытау облысында 30 мың тұрғын жүйе қатысушысы емес. Облыс бойынша Жаңаарқа ауданы сақтандыруы жоқ тұрғындар саны бойынша үшінші орында. Біздің 3642 жерлесімізге бүгінде медициналық қызметтің кеңейтілген түрі қолжетімсіз. Сақтандыру жүйесінен тыс қалып отырғандардың қатарында 218 жеке кәсіпкер мен 1136 жұмыскер бар. Бұл проблема кәсібін дөңгелетіп отырған бизнес иелері өз үшін төлеуі керек 4900 теңге көлеміндегі жарналарды уақытылы аудармағаннан, сондай-ақ жұмыскерлер үшін жұмыс беруші тұрақты әрі үздіксіз төлем жасамағаннан туындап отыр. МӘМС жарналары мен аударымдарының уақытылы аударылмауы айыппұлға алып келетінін тағы бір мәрте еске салған аудан әкімінің орынбасары алдағы күні мемелекеттік кірістер басқармасымен бірлесе борышкерлердің қатарын азайтуға жұмыс жасайтынын жеткізді.
Азаматтардың сақтандырылған мәртебесі болуы үшін, МӘМС туралы заңға сәйкес, 12 айға төлемі болуға тиіс. Сондықтан, тұрақты жұмысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл тұрғындары дербес төлеуші ретінде МӘМС жүйесіне қосыла алады. Ол үшін болашақ 12 айға 3500 теңгеден барлығы 42 мың теңге төлесе жеткілікті. Мәртебе жарна аударғаннан кейін 3 күннің ішінде беріледі.
Төлем Қазақстанның кез келген банкінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы және «Қазпошта» бөлімшелерінде қабылданады. Төлем жасау кезінде ақша аударылатын тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін, төлем жасалатын айды көрсету керек.
Есептік кездесуден соң ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтар бойынша жеке қабылдауға қатысты.


Құремтті Жаңңарқа ауданы тұрғындары! Сіздердің МӘМС туралы сұрақтарыңыз болса 1414 бірыңғай байланыс орталығына немесе Жезқазған қаласы Омар көшесі 7 үй мекенжайдағы Қор филиалына хабарласа аласыздар.

Өз тілшіміз

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *