Бізге не жетіспейді?
Біздің неге дамымай жатқанымызды білесіз бе? Әлем елдерінен бәленбай жылға неге артта қалып қойдық. Мұның бәрі тоқмейілсуден. Мінсіз ұлт болмайды. Қазақты неге әлемдегі ең керемет ұлт санайсыздар? «Құдайдың ең сүйікті халқы» деген не сөз? Қалған ұлт тоқалдан туды ма? Орыс өзіннен басқасын көрмейді деп сынаймыз. Олардан неміз артық? Қазақтан өзгені көрмейтін мына біз.
Осы шеңберден ешкімнің шыққысы келмейді. «Болдым. Толдым». КСРО құрған идеологиядан қалған сарқыншақ бұл. Идеализм мен идиотизмнің арасы бір-ақ қадам. Сол тоқмейілсу империалистік көзқарастың түп-тамыры. Барлығы бір келкі. Ілгері даму жоқ. Мына «Хрущевка» үйлердің өзі Кеңес одағынан қалған ескерткіш. Бір-бірінен аумайтын үйлер. Біз әлі осы дүниеден шығай алмай келеміз.
Әлемдік барлық үрдісті қабылда деуден аулақпын, әрине. Алайда, заманыңа қарай бейімделу керек. Абай неге ұлы? Өйткені, Асқар Сүлейменов айтқандай, қазаққа ес кірмей отыр. Абай айтқан қазақ әлі сол қазақ.
«Қазақ – мықты» деу үшін өзің мықты болуың керек. Ал сіздің талқылайтын әңгімеңіз бен айтар ойыңыз – тұтқында. Босатыңыз. Жаңалық әкел! Ғылыммен айналыс. Біздің ғасыр – технократтардың ғасыры. Сөзден іске көшетін кез баяғыда-ақ келген. Ал сіз әлі диванда жатып алып: «Қазақ – ұлы халық» деп кеуде қағасыз.
Кенесарының бассүйегі табылды дегенде: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туды» деп бөркін аспанға лақтырды дүйім қазақ. Шуақты заман өзінен-өзі туа салмайтын шығар. Ханның басы қайтты деп, қазақ дамыған елге бірден айналмайды ғой. Қарекет. Мұнан басқасын көріп тұрғаным жоқ.
Бізде мынадай түсінік бар: өткеннің барлығы – мінсіз. Тарихымыз да, әдебиетіміз де. Сол заманда өмір сүрген тұлғалардың барлығы бізге – пір. Керісінше, олармен сырлас болуымыз керек. Құдай да бізге сырлас.
Серік Ақсұңқарұлының «Бір керауызға экспромт» өлеңінде:
Мен қажыдым осында өмір сүрем деп,
Осындағы біреулермен жүрем деп?!
«Орыс деген – пәлен…» – дейді біреу кеп,
«Жөйт деген – түген…» – дейді біреу кеп…
Сау сықылды өзі кінә, күнәдан,
Көрсоқыр ма, надан ба, әлде, мына адам?
Қазақ қана жақсы болса ғаламда,
Ақымақ-ау, Абай неге жылаған?!
Тартпа мені әңгімеңе көйіткелі,
Қайтсін қытай, кәріс, орыс, жөйіт мені?
…Бұ жүрегім опасыздан сендей бір,
Оңбағаннан… қажып біткен, өйткені.
Дөп басып айтқан… Тағы бір үрдіс: дін мәселесі. Дін – интимдік дүние. Құдай мен адам арасындағы сыр. Ал біз сырымызды өзгеге жайып жүрміз. Мынадай қызық нәрсе бар: өзге ұлт өкілінің Ислам дінін қабылдауы қуантарлық дүние болса, қазақтың басқа дінді қабылдауы – трагедия. Әр адамның өз таңдауы бар емес пе? Неге соны түсінбейміз?
Дамымай жатқанымыздың тағы бір белгісі, таланттарымыздың шығармашылығын өзге елде жалғастыруы. Қазақстанның әлеуеті жетпейді. Сондықтан, амалсыз шетел асады.
Ойдан ой туындайды. Неге Ерке Есмахан айтатын «Қайда?» әні еліміздегі қаралымы көп хит екенін білесіз бе? Себебі, мәтініңде қала атаулары бар. Өзінің қаласы аталса, еліріп кететіні несі? Өйткені, біз әлі рушылдық деңгейден аса алмадық. «Торғайлық ақын» деген не сөз? Барлық дертіміз осы рушылдықта. «Қайда?» әніне Ерболат Құдайбергеновтің «Біздің жігіттерін» де қоса салыңыз. Онда да жер-су атаулары жетерлік. «Қазақ болып тумағанда не етер ем?» деген мүлдем қисынға келмейді ғой. Қазақ болып тумасаң өзге ұлт өкілі болып дүниеге келесің де.
Кез келген ұлт – ұлы. Бірақ, олар ұлы екенмін деп тоқмейілсіген жоқ. Абай айтады: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» деп. Осымен сөз тәмам.
Ерболат ҚУАТБЕК,
«Temirtau tynysy»