Белгілі һәм белгісіз  «АҚСАҚ ҚҰЛАН»

Жердегінің көбі армандайтын қанат деген жеке-дара ұғым бар. Құстан көреміз аспандап ұшқан. Жылқының жүйрігіне тән деп естиміз. Ертеректе ауылда соғым сойып жатқанда ара¬гідік айтылып қалатын. «Жүйрік екен, қанат шықты» деп. Кейбір атқұмарлар ондай жабағылар сойылып кеткенде, өкінгендей кейістік танытатын.

Сөйтсек, бір қабырғасы артық бітеді екен ғой. Әдетте он екі қа¬бырға болса, артық шыққан шынашақтай он үшіншісі қанатқа саналады. Еті қатып, жараған шағында екінші тынысы ашылатын әлгіндей бір атты заманында мінгенде көзіміз жеткен. Бойы қызып, тер шығып, өзіне өзі келіп, бір арнаға түскенде, пыр-пыр етіп жүйтки жөнелетін. Шабысы жеңілдеп, аяғы жерге тимегендей қалқиды да отырады, жарықтық жануар.

Жылқыға біткен құдіретті сонда сезгенбіз. Тура осы тақі¬леттес жағдайды қазақ күй-ле¬рінен де аңғаруға болады. Бас¬тапқы үнінің өзі баурап ала жөнеледі ғой күйдің. Ол өз алдына, біраздан соң соған жапсар немесе қаптал қосалқы үн естіледі. Біраздан соң қанат біткендей бір құдірет билей бастайды. Зар күйіне келеді бір уақта. Түйсікпен аңғарып отырса, әлгі күйдіріп-жандырып бара жатқан әуелгі үн емес, соның алды-артын ұстап тұрған әлгі дыбыс және сол өкініш пе, мұң ба, әлдебір сезім бірнешеу болып құбылып шығады. Ана бастапқы әуен әдепкі сарын не сұлба ретінде қалады да, сол сарынды көтеріп тұрған екінші, үшінші дыбыс екені анық байқалады. Сондай ғажапқа қалып отырғаныңызда, негізгі мақамға қанат болып біткен жаңағы сұмдық үндер ішкі күйіңмен үйлесіп, есіңе әлденелер түсіп, дыбыстың түпкі ғажаптары арқылы өз күйіңізге елігіп кетуіңіз әбден мүмкін. Тіпті тыңдай бастаған күйіңіз далада қалуы кәдік. Құлағыңа соның бастапқы бір сарындары ғана естіліп тұр, бірақ есіл¬дертің басқада. Өйткені әлгі көркем дыбыстар ішкі күйіңмен сәйкесіп, тым аулаққа алып кеткен жаныңды. Немесе соған орайлас әлдебір шым-шыты¬рықтардың соңына түсіп алып «лағып» кеттіңіз. Біздіңше, күйдің бір сипаты осы болса керек. Тыңдарманның ішкі күйі әуенмен үйлесім тауып, адамның өз іші қобыз не домбыра болып тартылғанда барып бір жасап қалмай ма? Ішкі күйлердің мұндай үйлесімін Абай «сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» дейді. Жоғарыда біз жеткізуге тырысқан ғаламаттың бәрі күй тәңірі Кетбұқаның «Ақсақ құлан» күйінен туып отыр. Не ғаламат, не тылсым бұл?! Біз бұған дейін аталған күйге назар тіктемеппіз. Тек қана аңыздарын естіп жүре берген¬біз. «Ақсақ құлан, Жошы хан» деген. Сөйтсек, күйдің өзіндей аңыздарының өзі мың құбылады екен де. Және көбі Жошы хан аңға шыққанда құлан қуып жүріп мерт болуымен, сол қаралы хабарды Шыңғыс ханға Кетбұқаның жеткізуімен сипатталады. «Ақсақ құланды» тыңдаушылардың дені осы мәтінге байланып қалатын сияқты. Құланның шабысы мен текіректегені, заулатып атпен қуып жеткені, әдебір жанталастар, қаржысулар, тағысын тағы бір сұмдықтар елес береді. Күй қанша екпінді болғанымен, сонша күйініш бар бойында. Құланның, аттың шабысына бай¬лап қоюға болмайтын өзекті өртеген өкініш күйдіріп бара жатады бір қараса. Бұл үйірлі құлан мен Жошы ханның арасындағы әрекет қана ма? Оны да жоққа шығармайды. Шыбын жаның шығардағы өкініш пен дертті жанның қапасын аңғарта ма, біресе жыланға арбалып, аузына түсерде сайраған бозторғайдың күйін салғандай бола ма, қысқа¬сы небір сұмдықты сыйдырған ішті күй. Сонымен қатар Дешті қыпшақ даласында, Қазақ ұлы¬сы құрыларда, ұлт болып ұйы¬са бастағанда туған елдік пен азаның күйі. Ұлы Шыңғыстың құрылтайына бармай, Дешті қып¬шақ даласына «қазақ кеткен» ұлыс иесі Жошының өлімін естірткен тұңғыш реквием! Одан кейінгі барлық қазақ күйлеріне эталон болған да осы мұра. Соның бірі – Жошының хан аты қалған соңғы ұрпақтары Кенесары-Наурызбайды жоқтаған Тәт¬тім¬беттің «Бес төресі». Қазақ хан¬да¬рының айналып Ұлытауға соға беретінінің символикалық бір мәні сонда жатса керек. Олар тіпті Ұлытауға не үшін баратынын түсінбеуі де мүмкін, әрі-беріден соң. Мына күй соның бәрін түсіндіреді, қуаты одан да артық болмаса. Оның үстіне, бұл шығарма – Жошы ханның өлімін естірту арқылы Шыңғыс ханға да өлімді анық сездірген немесе өлетінін әйгілеген күй. Өйтпесе бәлен түрлі аңыз ертіп ғасырдан¬ғасырға көшпеген болар еді.

Күйдің соңынан ерген аңыз¬дар да нешетүрлі сұмдыққа же¬телейді. Бір ғұламаның сөзі бар еді. «Ұзақ уақыт сақталған шы¬ғарма сол ғасырлардан жеткен тас сияқты бар сұмдықты ішіне бүгіп жатады» деген мағынада. Аңыздарын оқып, күйді тыңдаған сайын әлдебір жұмбақтардан хабар берердей туынды құпиясын аша түседі. Ұшпаққа жетелеген күй туралы сондай аңыздардың бірі Ақселеу Сейдімбектің «Күй-шежіре» кітабынан ұшырасады. Онда бірден Кетбұқа бармай, Шыңғыс ханға Жошының өлген хабарын жеткізіп, көңіл айтқан шешесі Бөртенің өзі болады. Тағы бір әңгімеде Жошы өлердің алдында Шыңғыс ханның өзі аттан құлап мертігіп, жатып қалатыны туралы хикаялар бар. Жошының қаралы хабарын сөйтіп жатып естіп, қатты қапаланғаны сол дейді. Осының бәрінің басын қайырып келіп, күйді тыңдағанда өзгеше әсер қалдырып, әлдебір тылсымдарға жетелейді. Және бұл күйдің құпиясы барған сайын тереңдейді. Күйші, профессор Жанғали Жүзбай жинақтаған «Ақсақ құланның» 20 түрі 20 түрлі көңіл күй сыйлап, ширықтырады.

Жәнібек БАҚЫТҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *