Елдігімнің мерекесі –ұлы күн

Қазақстан Республикасы күні-ұлық мереке. Тәуелсіздігіміздің бастауы болған бұл күннің өзге күннен бағы басым. Сан ғасырлық арманның арқауы, егемендіктің, елдіктің белгісі 1990 жылғы 25 қазан күні қабылданған құжатта айқындалды. Ғасырлар көшінде аттың жалы, түйенің қомында қолынан қаруы түспей, жерін қорғаған, көршілес жатқан мемлекеттердің қыспағына қарсы тұра білген ата-бабамыздың үміті ақталып, қияғы талмай, қияға самғайтын қырандай егемендіктің көгіне қанат кере көкке көтерілдік. Әлем бізге назар салды. Бірі жаңа қадам басқан мемлекеттің қаз тұрып кетуіне күмәнданса, бірі іргелі ел болатынымызға сенім білдірді. Қантөгіссіз бейбіт жолмен жеткен тәуелсіздіктің байрағын берік ұстаған қазақ елі қанымызда бар дархандық пен кеңшілігінен жаңылған емес. Бейбітшілік пен ынтымақ ұялаған егемен еліміз бірнеше ұлыстар мен ұлттардың алтын бесігіне айналды. Діні, тілі, түрі бөлек болғанымен тілегі мен тілеуі бір жандардың жайлы қонысы, жайсаң өрісіне айналды. Қилы заманда туған жер төсінен қыспақ көріп, қиянға кеткен қандастар ата жұртқа көш түзеп, елге оралды. Жазиралы даласы, дархан жүректі баласы бар ел әлем назарын өзіне аударды. Байлығы шаш етектен байтақ даланың иесі қазақ елі содан бергі аралықта қаз тұрып, аяғын нық басып, қарышты қадамға көшті. Бүгінгі күні бәсекелес озық елдердің қатарынан көрінуге қам жасауда. Мемлекет басшысының реформалары мен тың жобалары әлемдік деңгейді бағындыруға бағытталған серпіліс болса, еліміз сол межелі жерден көрінуге еңбек етуде. Бейбітшілік пен келісім тұрақтап, ынтымақ пен ырыс орнаған еліміздің ертеңі жарқын, болашағы айқын. Елдігіміз жасай берсін. Байрақты еліміздің бағы жана берсін.

Салтанат Аманқызы,
Ақпарат саласының үздігі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *