«Қазақмыс» ерекше бала тәрбиелеп отырған 35 қызметкерге пәтер сыйлады
«Қазақмыс» компаниялар тобының басшылығы ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 35 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Корпорация қызметкерлері Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында да бағалы шаршы метрлердің иегерлері атанды.
2-, 3- және 4-бөлмелі пәтерлердің кілттерін комиссиялық шешіммен іріктелген аса мұқтаж отбасылар алды.
– Компания басшылығы осы жылдың басында шешім қабылдап, тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған 35 пәтер сатып алуға миллиард теңге бөлді. Басқа отбасылар да көмекке мұқтаж екенін назарға ала отырып, басшылық жыл соңына дейін тағы 50 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады, – деп атап өтті «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин.
Пәтер кілтін алған бақытты қоныстанушылардың бірі — бірнеше жылдан бері отбасымен бірге үй жалдаған үңгілеуші Азамат Бахай болды. Бұл жанұяда бес бала бар, олардың біреуінің мүмкіндігі шектеулі.
– Шынымды айтсам, бізге пәтер беріледі деп күткен жоқпыз. Бізге қоңырау шалып, бұл жаңалықты хабарлағаннан кейін мен түні бойы ұйықтамадым. Бұрын біз пәтер жалдап, жалдамалы пәтерлерді жиі ауыстыратынбыз, соның салдарынан балалар мектепті ауыстыратын. Өте қиын болды. Енді бізге мектеп пен балаларға арналған секцияларды анықтау керек, – деп бөлісті азаматтың жұбайы.