ЖАСТАР ҚАТЫГЕЗДІГІ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Үлкендердің аузынан «Заман бұзылды», «Адам пиғылы бұзылды» дегенді жиі еститін едік… Осыдан 30-40 жыл бұрынғы үлкендердің де әңгімесі солай болғанын аға-апаларымыз айтады. Әйтеуір, үлкендердің көңілі толмайтын бір дәурен өтіп жатыр ғой деп, жайбарақат жүргеніміз де жасырын емес еді. Алайда, еліміздің әр өңірінде соңғы уақыттарда орын алған мектеп оқушылары арасындағы жан түршігерлік жанжалдар шынымен де жастардың бүлінгенін көрсетіп отыр.

Жастар неге қатыгез?

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дабыл қағып, құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдады. Ақиқатын айтты. Шындықтың қанын сорғалатып, қасқайып тұрып айтты! Мәселені өте орынды көтеріп, одан шығу жолдарын да нақты шегелеп айтты.

Адамзаттың ғұламасы Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас-жауы» демеп пе еді?! Тура соның көрінісі бірнеше күннен бері қоғамды дүрліктіруде. Өскемендегі қыздар төбелесі, Қазалыдағы қанды жанжал… Айтуға ауыз бармайтын, көруге көз шыдамайтын сұмдық оқиғалар.

Өзім мұғалім болған соң, осы оқиғалардан кейін әлеуметтік желіде айтылып жатқан айыптаулардың бір ұшы өзімізге тиетінін де сезіп отырмын. Шынымен де, мектептерде білім бәсекесі емес, киім, ұялы телефон бәсекесі басталып кеткелі қашан. Оның артында лауазымды қызметтің тұтқасын ұстаған немесе кәсібі дөңгелеп берген табысты бизнесмен ата-ана тұр. Біз қызмет атқарып жүрген ауыл мектептерінде мұндай әрекет әзірге байқалмайды дегенімізбен, жауыздық пен қатыгездік жылан бауырлап ауылға да келіп қалған екен. Қазақы қалыпта өмір сүріп жатқан Қазалыдағы жағдай – соның дәлелі.

Депутат Аманжол Дүйсенбайұлы сауал жолдаған министрліктер мен басқа да құзырлы органдардың ендігі бейқамдығын уақыт кешірмейді. Мектепте тәрбие жұмыстарының ақсап тұрғаны ақиқат. Сынып жетекшілігіне төленетін болмашы қаржы байшыкеш ата-ананың менмендігіне төтеп бере алмайды. Мектептегі бір ғана әлеуметтік педагог пен жалғыз психолог жаппай қоғам болып жеңе алмай отырған бұл кеселмен күресте дәрменсіз. Сондықтан, ҰБТ-дан үздік баға алатын озаттар ғана емес, үлкен өмір үшін зиялы азамат дайындап жатқанымызды ұмытпайық!
Ол үшін әр мектептің штаттық кестесіне тағы бірнеше әлеуметтік педагог, психолог бірліктерін қосып, олардың жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ, сынып жетекшілерінің де үстеме ақысын ұлғайтып, олардан да тәрбие мәселесіне қатысты талапты күшейту қажет деп санаймын.

Ел ішінен бүлікшіл біреу шықса, тентегін тезге салатын билер алқасы біздің дәстүрімізде ежелден бар ғой. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың кешегі «ақырып теңдік сұраған» аталарымыздай көсіліп, шешендей шешіліп қоғамның дертін қозғағаны сол ділмар бабаларымыздың мұрасы иесіз емес екендігін көрсетсе керек. Дегенмен, ар-ожданнан ажырап, адами құндылықта құн қалмаған біздің қоғамға бір Аманжол аздық етеді. Ақиқат айтылды, біз қолдайық! Көп болып күресетін келеңсіз, жиіркенішті жағдай көбейіп келеді.
Қатыгездік қайдан шығады? Балаларымыз тәулік бойы телмірген телефонға бақылау, тыйым жасау жоқ. Әлеуметтік желіңіз де, интернеттегі сайттар да оңып тұрған жоқ… Соның барлығына дер кезінде шектеу қойып, бақылау жасамасақ, ертең бармақ шайнап қалуымыз әбден мүмкін.
Ойланайық, ағайын!

Нұргүл ШАМАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *