Металлург күні құтты болсын!
Металлург күні құтты болсын!
Құрметті металлургия саласының ардагерлері мен қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Металлургия – ел экономикасының берік тірегі, индустриялық дамудың маңызды салаларының бірі. Бұл салада еңбек ету үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсіби біліктілікті, төзімділік пен табандылықты талап етеді. От пен болаттың арасында маңдай терін төгіп, өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген металлургтердің еңбегі қашанда зор құрметке лайық.
Металлургтердің қажырлы еңбегі – өнеркәсіптің өркендеуіне, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және мемлекетіміздің өндірістік әлеуетінің артуына негіз болып келеді. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында еліміздің металлургия саласы заман талабына сай дамып, халықаралық деңгейде өзінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтып келеді.
Ұлытау өңірі – тау-кен және металлургия өндірісінің тарихи орталықтарының бірі. Бұл өлкенің қалыптасуы мен дамуына металлургтердің қосқан үлесі ерекше. Өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтардың тынымсыз еңбегі өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімінің маңызды кепілі болып табылады.
Көп жылғы адал еңбегімен кейінгі буынға үлгі болып жүрген сала ардагерлерінің еңбегі – өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ал бүгінгі жас мамандардың жаңашыл көзқарасы мен кәсіби ізденісі металлургия саласының жарқын болашағына сенім ұялатады.
Осы мерейлі күні барша металлургтерге және сала ардагерлеріне зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Еліміздің игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, мәртебелеріңіз арта берсін!
Кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күні құтты болсын! Еңбектеріңіз жемісті, өмірлеріңіз берекелі болсын!
