«Таза Қазақстан» – таза табиғат пен жарқын болашақтың кепілі
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы елімізде қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жалпыұлттық бастама болып табылады. Бүгінде бұл жоба бір реттік сенбілік емес, қоғамның экологиялық санасын жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды.
Таза қоршаған орта – халық денсаулығының, өмір сүру сапасының және тұрақты дамудың басты кепілі. Осыған байланысты республика көлемінде елді мекендерді абаттандыру, ағаш отырғызу, өзен-көлдердің жағалауларын тазарту, заңсыз қоқыс орындарын жою және қалдықтарды сұрыптау жұмыстарын дамыту жүйелі түрде жүргізілуде. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға мемлекеттік органдармен қатар еріктілер, жастар ұйымдары, кәсіпкерлер мен тұрғындар белсенді қатысып келеді.
«Таза Қазақстан» бастамасының басты ерекшелігі – әр азаматтың қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілігін қалыптастыру. Табиғатты қорғау тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Әрбір тұрғын көшені таза ұстау, қоқысты арнайы орындарға тастау, ағаш отырғызу, су мен табиғи ресурстарды үнемді пайдалану арқылы туған жердің көркеюіне өз үлесін қоса алады.
Экологиялық мәдениеттің негізі – тәрбие мен білім. Сондықтан білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда табиғатты қорғау тақырыбындағы түсіндіру жұмыстары, акциялар мен танымдық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын нығайтады.
Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау әрбір азаматтың маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындалған. Бұл еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тұрақты дамуға қол жеткізудегі маңызды қадам болып саналады.
Таза аула, таза көше, таза ауыл мен қала – өркениетті қоғамның айқын көрсеткіші. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы әрбір қазақстандықтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Табиғатты аялау – туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі. Бірлескен еңбектің арқасында ғана біз келешек ұрпаққа экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, жасыл әрі көркем Қазақстанды аманат ете аламыз.
