ЖАҢААРҚА АУДАНЫНЫҢ АЙНАБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін Жаңаарқа ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында жаңа медициналық пункттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға аудан прокурорының орынбасары Жігер Малтиков, аудан әкімінің орынбасары Асет Аманжолов, аудандық аурухана басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты.

Заманауи талаптарға сай салынған медициналық нысан қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Енді ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінде алып, сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігін арттырып, халық денсаулығын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Ауданда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда 1 фельдшерлік-акушерлік пункттің, 5 медициналық пункттің және 1 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталып, қажетті рұқсат құжаттары рәсімделіп, медициналық қызмет көрсетуге лицензиялар алынған.

Сонымен қатар, аудандық аурухананың 90 орындық стационар ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *