Су орнына у ішкен ауыл немесе нәжіс бар, нәтиже жоқ
Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Өспен ауылдық округіндегі Еркіндік елдімекенінің тұрғындары ауызсуға зар боп отыр. Бұл мың рет айтылған жанайқай, жүз рет жазылған жағдай ғой. Қор болған халық. Мыңқ еткен әкімдік, қыңқ еткен билік жоқ.
Хош, мұндағы жұрттың айтуынша, осы судың кесірінен ауылда ауру-сырқау көп. Өйткені құдықтағы судың құрамын қаладағы зертханаға тексерткен екен, онда тұз бен темірдің тым көп екені анықталған. Ат төбеліндей бес-алты үй емес, 500-ге жуық тұрғыны бар ауылдың ауызсуына немқұрайды қарау деген не сұмдық? Жергілікті әкім-қаралардың өлмесең өмірем қап дегені ме, қай сасқаны? Көлігі барлар суды көршілес елді мекендерден тасып ішетін көрінеді. Былайша айтқанда, ауыл өз қотырын өзі қасып отыр. Ал қалғандарына құдықтағы суды қанағат етпеске амал жоқ. Бірақ оның сапасы өте-мөте нашар.
Жергілікті жұрт базыналарын айтып бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Айтуларынша, осыдан бес жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасымен су тарту жұмыстары басталған, бірақ аяқсыз қалыпты.
– Біз зар қақсағалы он жыл болды. Ауылда жетпіс үй бар. Қанша үй болса сонша дәретхана бар. Қоралы малымыз бар. Солардың нәжісінің бәрі жиналып келіп есік алдындағы құдыққа құйылады. Біз содан су ішіп отырмыз. Енді осыншама жылғы базынамызды неге орындамайсыңдар десек, бір-екі қағаз бітпей тұрған көрінеді. Жылайсың ба, күлесің бе?! Өт- бауырын, бүйрегін алдырғандар көп. Ауыру көбейіп барады, – дейді Жеңіс Қадыров.
Ақсақалдың айтқанынан ұққанымыз, Еркіндіктегі елге ортақ нәрсе – еңбек. Халқы өте еңбекқор. Жаз жайлауы, қыс қыстауы болып отырған құтты мекен тұрғындары егінін егеді, шаруашылығын жасайды, көлденең көмексіз қара қой мен ақбас сиырын аман өсіріп отыр. Жастары да өнерлі. Әнші де, күйші де табылады. Енді мәдениет үйі керек деп айтып жүргендеріне де бәлен жыл болыпты. Жұрты ұқыпты, үкіметке салығын төлеуді де ұмытпайды. Сөйте тұра хабар алайын десе интернеті, қалаға барайын десе жолы жоқ. Не боп қалар екен деп елеңдесіп отырғаны.
Еркіндік елдімекені Өспен ауылдық округына қарағандықтан, бұл жерден бір емес, бірнеше мәселенің шеті шыққан соң, Өспен әкімінің пікіріне де құлақ түріп көрдік.
Ауызсу сапасының төмендігіне, сондай-ақ Еркіндік ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысына қатысты әкім:
– Өспен ауылдық округі, Еркіндік ауылына су құбыры желісін тартуға 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында жергілікті бюджеттен 14 млн 946 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарына сәйкес, Шет ауданының құрылыс бөлімі ашық конкурс жариялап, оны Қарағанды қаласының «Гипроводхоз» ЖШС мердігер компаниясы жеңіп алған. Алайда, әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жер құжаттамасын ресімдеу барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің бөлінуі анықталды. Осы жағдайларға байланысты жер телімдерінің құжаттарын рәсімдеу белгіленген мерзімнен кешіктірілді. Сондай-ақ, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жобалық-сметалық құжаттаманың тиісті сараптамалық қорытындысын алу айтарлықтай күрделене түсті. Қазіргі уақытта құжаттар түзету сатысында, одан кейін Экологиялық кодекстің жаңа талаптарына сәйкес жобаны арнайы сараптамадан өткізу үшін құжаттар дереу тиісті органдарға жіберілді. Қазір сараптамадан өтуде. Сараптама жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Еркіндікке су тартылады, – дейді Өспен ауылының әкімі Мақсат Нұрмұхамбетұлы.
Жұрт әкімдік жауап беруге келгенде су аяғын құрдым қылып, бастарын ала қашады деп отыр. Уәде берерде қия баспайтын билік, қиырдағы халықтың жай-күйін де дәл солай қапысыз түсінсе екен дейміз.
Әділет ШОПЕН