Ұлытау өңірінде 127 референдум учаскесі іске кірісті
Ұлытау өңірінде 127 референдум учаскесі іске кірісті
Ұлытау облысында республикалық референдум аясында 127 учаскелік референдум комиссиясы өз жұмысын бастады. Жалпы өңірде референдумды өткізу үшін 6 аумақтық және 127 учаскелік комиссия қызмет атқаруда. Комиссиялардың құрамында барлығы 845 адам бар, оның ішінде 42-сі аумақтық, 803-і учаскелік комиссия мүшелері.
Ұлытау облысы бойынша дауыс беру тізіміне 136 447 азамат енгізілген.
Референдум учаскелерінде дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Ал Жәйрем кентіндегі 6 учаскеде тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің ауысымдық жұмыс кестесіне байланысты дауыс беру уақыты 06:00-ден 20:00-ге дейін белгіленген.
Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс қалаларындағы 57 учаскеде азаматтарды сайлаушылар тізімінен тексеруге арналған онлайн-сервистер, ал 6 учаскеде азаматтарды тіркеу сервистері орнатылған.
Сонымен қатар референдум кезінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне барлық қажетті жағдай жасалған. Барлық учаскелер пандустармен және арнайы тұтқалармен жабдықталған. Кресло-арба пайдаланатын азаматтарға волонтерлар көмегі көрсетіледі, сондай-ақ облыс бойынша 7 инватакси қызметі жұмыс істейді.