Еңбек адамы – ел дамуының басты капиталы
Қандай да бір мемлекеттің нақты күші табиғи ресурстармен емес, оны игеріп, ел игілігіне айналдыратын еңбек адамымен өлшенеді. Жұмысшы мамандықтарының иелері – экономиканың көзге көрінбейтін, бірақ ең маңызды тірегі. Зауытта, кен орнында, құрылыс алаңында, егіс даласында маңдай терін төгіп жүрген жандар ел дамуының нақты нәтижесін қалыптастырады. Олардың еңбегі күнделікті өміріміздің сапасын арттырып отыр.
Қазіргі таңда білікті жұмысшы кадрларға сұраныс артып келеді. Өндіріс жаңарып, технология дамыған сайын кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің маңызы күшейе түсуде. Жұмысшы маман болу – тек қол күші емес, білім мен тәжірибені ұштастыратын маңызды кәсіп. Сондықтан еңбек адамына деген көзқарасты жаңаша қалыптастыру – уақыт талабы.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тұрақты табыс, нақты кәсіп және кәсіби өсудің айқын жолы бұл салада бар. Ең бастысы, еңбек адамы өз ісінің қоғамға қажет екенін сезінеді. Бұл – нағыз рухани қанағат пен мақтаныштың көзі.
Жұмысшы мамандықтар жылы – еңбекті дәріптеп, маңдай тердің қадірін ұғындыратын маңызды кезең. Еңбек адамына көрсетілген құрмет – ел болашағына салынған инвестиция. Өйткені дамыған мемлекет ең алдымен еңбекті қадірлейді.