БИДАЙЫҚ АУЫЛЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

Жаңаарқа ауданы Бидайық ауылдық округінің 69-разъезд елді мекенінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған нысанның ашылу салтанаты өтті.
Ашылу шарасына аудан әкімі Қанат Қожықаев, аудан прокуроры Бек Мұсабаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтап, сөз сөйледі. Сонымен қатар ауыл ақсақалы Сейтжан Қожаев жүрекжарды алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Аудан әкімі Қанат Қожықаев мердігер компания «Turan Project Group» ЖШС-не сапалы жұмыстар үшін Алғыс хат табыстады. Бұл компанияның еңбегі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға қосқан зор үлесі ретінде бағаланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында, сондай-ақ мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтердің қаржысына салынған бұл жоба – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Жоба аясында 69-разъездге 352 млн теңге бөлініп, су желілері тартылып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Мердігер – «Turan Project Group» ЖШС. Жоба облыстық бюджет пен арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылды. Су жүйесі 187 тұрғын мен 39 үйді қамтиды.
Су мұнарасының сыйымдылығы – 25 м³, биіктігі – 15 м, ал жалпы су құбыры желісінің ұзындығы – 5,6 км. Инженерлік талаптарға сай барлық қажетті құрылғылар, камералар мен бақылау пункттері орнатылған.
Ауыл тұрғындары енді таза, сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілетін болады.