Еңбек адамын ұлықтау – ел дамуының өзегі
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланып, бұл бастама қоғамның назарын еңбек адамдарының рөліне аударды.
Жұмысшы – мемлекеттің тірегі, экономиканың қозғаушы күші, өндірістің алдыңғы шебінде жүрген тұлға. Қолмен істейтін, ісімен елге пайда әкелетін жандардың еңбегі – ел дамуының негізгі өзегі. Бүгінде жаңа технологиялар мен цифрландыру дәуірінде де жұмысшы мамандықтарының маңызы кеміген жоқ.
Керісінше, білікті дәнекерлеуші, құрылысшы, механизатор, электрик, аспаз, тігінші сынды мамандарға сұраныс арта түсті. Мамандық таңдау – өмірлік шешім, ал жұмысшы болу – үлкен жауапкершілік пен абырой. Жастарды еңбекке баулу, кәсіби білім беруді жетілдіру – бұл жылдың басты бағыттарының бірі.
Елімізде колледждер мен кәсіптік оқу орындары жаңартылып, заманауи құралдармен жабдықталуда. Мақсат – еңбек нарығына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Әрбір жас өз қабілетіне сай техникалық немесе қызмет көрсету саласында лайықты орнын табуы тиіс. Жұмысшы мамандықтарын насихаттау арқылы қоғамда еңбектің қадірін арттыру көзделуде.
Өндіріс орындары мен кәсіпорындарда еңбек ететін жандардың табандылығы мен кәсіби шеберлігі – нағыз патриотизмнің көрінісі. Ел Президенті де өз сөзінде «еңбек адамына құрмет – ел дамуының кепілі» екенін атап өткен болатын.
Бұл жыл жұмысшының беделін көтеріп, олардың мәртебесін қоғамда айқындайтын маңызды кезең болмақ. Әр салада тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі мемлекет тарапынан қолдауға лайық.
Бүгінде еңбек майталмандарының жетістіктері үлгі ретінде насихатталуда. Олардың тәжірибесі мен табандылығы жас ұрпаққа өнеге.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – тек атаулы жыл емес, бұл – еңбекке құрметтің, кәсіби біліктіліктің мерейін өсіретін бастама. Еңбек – елдің еңсесін көтерер, халықтың ырысын арттырар басты құндылық.
Сондықтан әрбір жұмысшы – ел дамуының нақты кепілі, ұлттық прогрестің тірегі.