АҒАШ ӨҢДЕУ ЖӘНЕ ТЕМІР БӨЛШЕКТЕРІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЦЕХЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНДЕ
Ұлытау облысы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жаңа өндіріс ошағы өз жұмысын бастады. 29 маусым күні аудан тұрғыны, жас кәсіпкер Дәулет Серікбай өз қаражаты мен облыс әкімінің грантының көмегімен «Ағаш өңдеу және темір бөлшектерін қалпына келтіру» цехының ашылу салтанатын өткізді. Бұл бастама – ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Дәулет Серікбайдың айтуынша, басты мақсат – аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді қызмет ұсыну, сонымен қатар жергілікті еңбек нарығына үлес қосу. Алдағы уақытта ол өндіріс көлемін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Ағаш және темір өңдеу ісін жетік меңгерген шебер бүгінде жергілікті тұрғындар арасында сенімді тапсырыс орындаушы ретінде танылып келеді. Цех жұмысы аудан экономикасына да оң әсерін тигізуде – бұл елді мекенде өндірістік инфрақұрылымның дамуына серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруда.
Қазіргі таңда да «Ағаш өңдеу және темір бөлшектерін қалпына келтіру» цехы тұрақты түрде жұмыс істеп, аудан тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуде.
Бұл жоба – өз ісін адал еңбекпен бастап, мақсатқа жетудің жарқын үлгісі. Ауданымыздың экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, жастардың бойында кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға бағытталған игі қадам болып қала бермек.
Осындай табанды да ізденімпаз азаматтардың арқасында еліміздің шағын және орта бизнес саласы дамып, жергілікті өндіріс өркендеп келеді.