ТАЗА ОРТА – ТАЗА БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясы қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл игі шара аясында елдің түкпір-түкпірінде сенбіліктер ұйымдастырылып, өзен-көл жағалаулары, саябақтар мен көшелер тазартылып, тұрғындармен бірге мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен жастар ұйымдары белсенділік танытуда. «Таза Қазақстан» тек қоқыс жинау шарасы емес, экологиялық ой-сананы қалыптастыруға, халықты табиғатқа жанашыр болуға үндейтін қозғалысқа айналды. Акция барысында жиналған қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеу мекемелеріне жіберіліп, бұл өз кезегінде тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалануға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашуда. Қоршаған ортаны таза ұстау – ұлт денсаулығының кепілі, ал табиғатты аялау – әр азаматтың парызы. Осы бағытта ел өңірлерінде жасыл аймақтар кеңейтіліп, ағаш отырғызу мен көгалдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Таза Қазақстан» бастамасы тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, табиғатты қорғауға деген көзқарасын өзгертті. Мұндай шаралар арқылы экологиялық тәрбие мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, халық арасында табиғатты сақтау мәдениеті қалыптасуда. Әр азаматтың белсенді қатысуы мен бірлігі арқасында ауылдар мен қалалар ажарланып, жаңа келбетке ие болуда. Экологиялық мәдениетті дамыту арқылы біз болашақ ұрпаққа өмір сүруге қолайлы таза орта қалдырамыз. Табиғатты қорғау – науқандық іс емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы тиіс. Сондықтан әрбір азамат туған жерінің тазалығы үшін жауапты екенін сезініп, «Таза Қазақстан» қозғалысына өз үлесін қосуы қажет. Таза орта – жарқын болашақтың кепілі.