АУДАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Айнабұлақ және Орынбай ауылдық округтерінде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысып қайтты.
Айнабұлақ ауылдық округінде жобалық құны 950 миллион теңге болатын 1200 басқа арналған «Ақбас» тұқымды ірі қара малын өсіруге бағытталған мал шаруашылығы кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатта аудан әкімдігі тарапынан 25 гектар жер телімі конкурстан тыс бөлінген.
Ауқымды жоба аясында 1200 бас ірі қара малын, қажетті техника мен құрал-жабдықтарды сатып алу көзделген. Сондай-ақ әкімшілік ғимараты, гараждар, мал азығын сақтау қоймалары, ветеринариялық пункт және жалпы көлемі 5000 шаршы метрді құрайтын үш мал қорасы салынуда.
Ал, Орынбай ауылдық округінде жобалық құны 661 миллион теңге болатын «Орынбай MEAT» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл кешен 600 бас ірі қара малға арналған. Жоба аясында қажетті жер телімі бөлініп, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аталған жобалар ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және ет өндіру көлемін ұлғайтуға елеулі үлес қосатыны күтілуде.