ЖИҺАЗ ДҮКЕНІ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ
Ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде жуырда ашылған «Аянат» жиһаз дүкенін атауға болады. Бұл дүкеннің иесі – аудан тұрғыны, іскер азамат Хамзат Баев. Ол 2 желтоқсан күні жаңа нысанды салтанатты түрде ашып, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынуды бастады.
Жаңа дүкенде үй мен кеңсеге арналған заманауи үлгідегі түрлі жиһаздар кеңінен сатылады. Мұнда тұрғындар асүй, қонақ бөлме, жатын бөлме және кеңсе жиһаздарының сан түрін таба алады. Сапа мен ыңғайлылықты қатар ұсынған кәсіпкер отандық және шетелдік материалдарды тиімді үйлестіріп, заман талабына сай өнім түрлерін жеткізуде.
Хамзат Баев жиһаз саудасымен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін ол тапсырыстарды өз үйінен және шағын көлікжай орнынан босатып келген болатын. Енді, іскер азамат өз кәсібін кеңейтіп, арнайы ғимарат тұрғызып, толыққанды дүкен ашып отыр. Бұл – оның жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі және кәсіпкерлікке деген адалдығының айғағы.
Жаңа нысанның жалпы көлемі 168 шаршы метрді құрайды, ал жобаның жалпы құны 20 миллион теңге шамасында. Кәсіпкер бүгінде үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл ауданымыздағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жергілікті экономиканы дамытуға қосылған зор үлес.
Жиһаз дүкенінің ашылуы – тек жеке кәсіпкердің жетістігі ғана емес, аудан тұрғындары үшін де қуанышты жаңалық. Өйткені мұнда тұрғындар өздеріне қажетті сапалы жиһазды жергілікті жерден-ақ таңдап, тапсырыс бере алады.
Осындай бастамалар ел экономикасын нығайтып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға да ықпал етуде. «Аянат» жиһаз дүкені – жергілікті кәсіпкерліктің дамуына жол ашқан игі жоба әрі ел игілігіне қызмет ететін нысан болып табылады.