Ұлттық құндылықтарды өнеге тұту маңызды
Әрбір халықтың өзіне тән салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, халық ауыз әдебиеті, мәдениеті, тәрбиелік ұстанымдары бар. Міне, осы асыл қазынамыз бізге ұрпақтан ұрпаққа сан ғасырлар бойы аманат ретінде ұласып, ұлттық болмысты жоғалтпай, өзгелерден ерекшелеп тұратын айна секілді. Бізде өз кезегімізде бұл құндылықтарды қастерлеп, келер ұрпаққа осы күйінде жеткізуіміз керек. Дәстүріміздің дінімізде алар орны ерекше. Ислам діні халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға тыйым салмаған. Өйткені сан ғасырдан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлер құқықтық нормалар бастауларының бірі саналады. Ғұрыппен әмір ету — шариғатымыз рұқсат берген істің бірі. Әрбір ұрпақ қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс.
Бұл болашақ ұрпағынан зор үміт күтіп отырған халқымыз үшін маңызды. Біз өз ұрпағымызды білімді де тәрбиелі, өнегелі де ізетті, мейірімді әрі қайырымды, қонақжай етіп тәрбиелегіміз келсе, халықтық салт-дәстүрге ерекше мән беруіміз керек.