Дәстүрді сақтау — елдігіңді сақтау
Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне қарай қалыптасып келеді.
Бүгінгі таңдағы басты мәселе халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, рухани байлығынан сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету. Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны теріс қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады.
Ал, дәстүр — ұлттың қағаз бетіне түспеген заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген.
Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз. Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі — үлкенге «Сіз» деп сөйлеу және кісілерге қонақжайлық таныту, амандасудың өзінде де үлкен бір құрмет жатыр. Түрлі
зиянды ағымдар, теріс күштер күн сайын біздің ұлттық бірегейлігімізге қауіп төндіруде.
Мұндай жағдайда тек өзінің дәстүрін ұмытпай, отбасы институтын нықтаған жұрт қана өз болмысын сақтап қалады. Сондықтан да салтымызды сақтап, бабадан жеткен мол қазынаға сақ болайық.
Асқар Мейрамбекұлы ҚУАТБЕКОВ,
Жаңаарқа ауданы бойынша бас имам,
Дін мәселелерін зерттеу секторының теолог маманы.