БИЗНЕС ОРТАЛЫҒЫ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығында ашылған бизнес орталығы бүгінде ел игілігіне қызмет етіп келеді.
Жаңаарқа кентінің орталық көшесінде бой көтерген жаңа нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Қанат Қожықаев қатысқан болатын.
«Ерсаян» бизнес орталығының иесі – аудан тұрғыны Еркебай Нығымалғабды.
Жеке кәсіпкердің қызметі 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін иелігіндегі нысанда тек шаштараз қызметі көрсетілсе, бүгінде толық күрделі жөндеуден өткен, жалпы көлемі 1050 шаршы метрді құрайтын екі қабатты заманауи ғимаратқа айналды.
Бұрынғы шағын шаштараз бүгінде жаңа бизнес орталығының бірінші қабатында заманауи сән салоны ретінде жұмысын жалғастырып отыр. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ғимараттың өзге бөлмелерін аудан кәсіпкерлері жалға алып, түрлі бағыттағы кәсібін дамытып жатыр. Бірінші және екінші қабаттарда киім-кешек және қажетті тауарлар сатылып, халыққа сапалы қызмет көрсетілуде. Сонымен бірге, бұл ғимаратта бүгінде көпшілік сүйіп баратын «Жанұя» кафесі де орналасқан.
Жобаны іске асыру нәтижесінде ашылған 14 жаңа жұмыс орны әлі де тұрғындарға қызмет етіп, аудан экономикасының дамуына үлес қосуда.