ЖАҢААРҚАДА «ШҰБАРКӨЛ КӨМІРДІҢ» ҚОЛДАУЫМЕН ЖАҢА ФУТБОЛ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

 Жаңаарқа кентінде тұрғындар үшін ерекше қуанышты сәт – жаңа футбол алаңы мен балалар ойын алаңының ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов және еліміздің көмір өндірісінің көшбасшысы, биыл 40 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның бас директоры Сергей Ким арнайы қатысты.

– «Бұл тек бір ғана нысанның ашылуы емес, бұл – ауданымыздың әлеуметтік дамуы жолындағы тағы бір жарқын қадам, жастарымыздың болашағына жасалған үлкен қамқорлық. Осындай игі істің жүзеге асуына қолдау көрсеткен «Шұбаркөл көмір» компаниясына аудан халқының атынан зор алғыс айтамыз», – деді өз құттықтауында аудан әкімінің орынбасары Әсет Жұмажанұлы.

«Шұбаркөл көмір» компаниясы тек өндірістік жетістіктерімен ғана емес, әлеуметтік жауапкершілікті істерімен де көпке үлгі болып келеді. Өткен жылы ғана кәсіпорын аудан тұрғындарына 3 мың тонна тегін көмір үлестіріп, қысқы маусымды алаңсыз өткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 55 миллион теңге қаржы бөліп, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік саладағы бірқатар жобаларды жүзеге асырды.

Ашылған футбол алаңы мен балалар ойын алаңы – осы қолдаулардың айқын нәтижесі. Жаңа нысандар жастардың спортпен айналысуына, балалардың шат-шадыман балалық шағына қызмет етіп, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етпек.

Жиналған жұртшылық жаңа алаңдардың ашылуын қуанышпен қарсы алып, балалардың шат күлкісі мен жас спортшылардың алғашқы ойынын тамашалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *