АУДАН БАСШЫСЫ ЖАҢААРҚА КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін аудан әкімі Қанат Қожықаев Жаңаарқа кентінің тұрғындарымен кездесіп, аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта орындалатын шаралар туралы есеп берді. Әкім баяндамасында Жаңаарқа ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар, жөндеу және жаңа тұрғын үй құрылысы жобаларына мән берілді.
Өткен жылы 4 әлеуметтік нысан, оның ішінде мектептер мен медициналық мекемелер қайта жаңартылып, 9 елдімекенде су жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту үшін субсидиялар бөлініп, мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты өсім көрсетті.
2025 жылы аудан әкімдігі әлеуметтік жобаларды жалғастыруды, оның ішінде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуды, жұмыс орындарын ашуды және шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беруді жоспарлап отыр.
Кездесу барысында тұрғындар жол мәселелері, тұрғын үй және әлеуметтік көмектері көрсету туралы сұрақтарын қойды. Әкім бұл мәселелерге қатысты нақты шешімдер мен шаралар қабылданып, халықпен ашық диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Маңызды басқосуда Жаңаарқа кентінің әкімі Мейрам Қуанышбеков те есеп берді. Мейрам Наурызбайұлы өз баяндамасында кент бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. Әкім өткен жылы кенттің инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай үлес қосылғанын айтты. Сонымен бірге биылғы жылы атқарылатын жұмыстар жайлы тұрғындарды құлақтандырды.